KZ
Өскемен
-14°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

«Заречный» базары жаңғыртылады

6.06.2023, 22:20 238 Оразай Жеңісұлы

Шығысқазақстандық кәсіпкерлердің базарларды жаңартып, жаңғыртуға жеңілдік жасау жөніндегі ұсынысы қолдау тапты. Енді сауда орындарын жаңалауға кеткен шығынның бір бөлігі субсидияланады. Осының арқасында шаһардағы ескі базарлардың орнына тұтынушыға да, сатушыға да қолайлы, үлкен де жайлы сауда орындары бой көтермек.
Облыстың бизнес-қоғамдастығы базарларды жаңалап, жаңғыртатын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беруге қол жеткізді. Бұдан былай бизнестің осы санатындағыларға тиісті шарттар сақталған жағдайда мемлекеттен субсидия бөлінеді. 
  Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың түсіндіргеніндей, биылғы ақпанда палатаның сауда және қызметтер кеңесінің мүшелері сауда базарларын жаңғырту және «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын іске асыру мәселесін көтерген. Атап айтқанда, «Заречный» базары» ЖШС директоры, өскемендік кәсіпкер Расул Манапов мемлекеттің республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істеп жатқан сауда базарларын міндетті түрде жаңғыртуға орай қойып отырған талабына байланысты туындаған қаржылық проблемаларын көтерген. 
  – Жаңаланатын «Заречный» базары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, оның құны шамамен 1 млрд теңге болады. Болашақ жаңа базар ауданы 3 мың шаршы метрден асатын екі қабатты ғимарат болады. Бірақ бизнес субъектісі осы жобаны іске асыруда қаражаттың жетіспеушілігі мәселесіне тап болады. Өйткені базарды жалға алушылардың негізгі контингенті – сауда айналымы аз микробизнес өкілдері. Тиісінше олардың жалдау ақысы бір шаршы метрге небары 1,5-3 мың теңге көлемінде. Егер кәсіпорын 5 жылға несие рәсімдесе, екінші деңгейдегі банктердегі ай сайынғы жарна шамамен 20-25 млн теңге болады, бұл – қалта көтермейтін қомақты қаржы, – дейді Қайрат Мамырбаев.
  Сауда және қызмет көрсету кеңесінің отырысында ӨКП директоры базар иелері жеңілдікпен несие алуға ғана емес, базарларды жаңғырту барысындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының шығынын өтеуге де мұқтаж екенін айтқан. Аталған кеңес отырысына қатысқан «Атамекен» ҰКП сауда департаментінің сарапшысы Әлібек Момынбеков Сауда және интеграция министрлігі нарықты жаңғырту бойынша өзгерістер енгізуге болатын жол картасын әзірлеп жатқанын хабарлап, оған осы сияқты түйткілді мәселелерді шешуге орай өзгерістер, ұсыныстар енгізуге болатынын жеткізген. Ұлттық палата осы жол картасына «кәсіпкерлерге қаржылай қолдау шараларын көрсету» пунктін енгізуге қол жеткізген. Сауда және қызмет көрсету кеңесінің мүшелері өз ұсыныстарын Ұлттық палатаның орталық аппаратына жолдаған. Ал «Атамекен» өкілдері өз кезегінде бизнес талаптарын орындауды талап етіп, осы мәселені салалық министрлік алдында бір емес, бірнеше рет көтерген көрінеді.
  Нәтижесінде өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы сауда және қызмет көрсету кеңесінің жоғарыдағы ұсыныстары Үкіметтің 2018 және 2019 жылдарда шығарылған тиісті қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде ескеріліп, қабылданады. Осылайша, Үкіметтің 2023 жылғы 28 сәуірдегі №342 жаңа қаулысымен Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларына 16-1-тармақ енгізіліп, сонда көрсетілгендей, шығысқазақстандық кәсіпкерлердің ұсыныстары қолдау тауып, базарларды жаңалауды, жаңғыртуды субсидиялау мәселесі шешімін тапқан. 
   – Осындай нақты қолдаулары үшін облыстағы бизнес-қоғамдастық атынан «Атамекен» ҰКП сауда департаментіне, Сауда және интеграция министрлігіне алғыс айтқым келеді, – дейді Қайрат Мамырбаев.
 Енгізілген өзгерістерге сәйкес енді ауданы кемінде 1000 шаршы метр болатын сауда орталықтарын, қазіргі заманғы форматтағы сауда нысандарын және сауда қызметіндегі көпфункциялы кешендерді (сауда-ойын-сауық орталықтарын қоспағанда) салу, кеңейту жобалары бойынша қаржылай жеңілдіктер беріліп, субсидиялауға мүмкіндік туды. 
   Субсидияны сомасы 3 миллиард теңгеден аспайтын бір бизнес-жоба шеңберінде сауда жабдықтарын сатып алу және базарларды жаңғырту үшін алуға болады. Қолдау шарасы бір өңірде орналасқан екі немесе одан да көп нысан бойынша көрсетілуі мүмкін, бірақ олар бірыңғай ғимарат болмауға тиіс және физикалық немесе технологиялық жағынан бір-бірімен тығыз байланысты болмауға тиіс.
  Базарларды жаңғыртуға кеткен шығындарды өтеуге берілетін субсидиядан үмітті кәсіпкерлерге екі міндетті шарт қойылады. Біріншіден, базар аумағында «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар азық-түлік және азық-түліктік емес тауарларды өткізу үшін сауда орындары орналастырылуға тиіс. Екіншіден, базарда сатылатын азық-түлік өнімдерінің ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары міндетті түрде болуға тиіс.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу