ШҚО-да Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобы жұмысын бастады
![](/kz/uploads/posts/2023-07/c85e81ab-c8bf-4fbe-971f-3b318676c33e.webp)
Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
10 шілде күні Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің «Ұлттық ұлан – ұлт рухы» концерті өтті.
Концертті Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов, әскери бөлім офицерлері, сержанттар мен сарбаздар тамашалады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Осыдан кейін өнерпаздар офицерлер мен сержанттарға және сарбаздарға әннен шашу шашты. Хор жігіттері шырқаған әндер де көрермен көңілінен шықты. Концерттік бағдарлама келесі күні, яғни 11 шілде күні де жалғасын тапты.
11 шілдеде Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобын ШҚО-ға бастап келген Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов бір топ өнерпаздармен бірге Глубокое ауданы Солнечный кентіндегі қарттар үйіне бас сұқты.
Сондай-ақ генерал-майор Қайрат Үмбетов Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының «Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы әкелген сыйлығын тарту етті.
Артынша Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевпен кездесу өткізді.