Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өскемендіктер алдында есеп береді
Бүгін Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тұрғындар алдында есеп беру кездесуі өтеді. Кездесу ашық сұхбат форматында өтіп, 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар талқыланады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айқындалған міндеттер аясында өтеді. Президент алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыруды және экономиканың барлық саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырған болатын.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрап, жыл басынан бері 25 мың жұмыс орны ашылды, оның ішінде 19 мыңы – тұрақты. Орташа айлық жалақы 9,5 пайызға өсіп, 403 мың теңгеге жетті.
Экономиканы әртараптандыру және өсім қарқынын арттыру мақсатында облыста өңірлік жобалау кеңсесі құрылып, барлық қала мен аудандар бойынша экономикалық өсім нүктелерінің бесжылдық жоспарлары бекітілді. Жалпы инвестициялар көлемі 2,8 трлн теңгені құрайды, оның ішінде жеке инвестициялар – 2,3 трлн теңге.
Өскемен қаласы өңірдің негізгі экономикалық және индустриялық орталығы ретінде дамуын жалғастыруда. Қаланың 2029 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, 378,6 млрд теңге бюджет қаражаты және 744,4 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделген.
Соңғы екі жылда облыс орталығында бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, Меновное ауылында тәулігіне 60 тонна астық өңдейтін ұн тарту комбинаты пайдалануға берілді. Қалада «А» класты алғашқы фармацевтикалық терминал іске қосылып, заманауи сауда инфрақұрылымы дамыды. «Гостиный двор» және «12 ай» сауда үйлері ашылып, биыл «Maxi Mall» ірі сауда-ойын-сауық орталығы пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Заречный» базарындағы жаңа сауда орталығы мен 20 мың тоннаға арналған астық сақтау қоймасының құрылысы аяқталуға жақын.
Есеп беру кездесуінде облыс әкімі экономиканың өсуін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстарға жан-жақты тоқталып, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдайды.