Риддер ЖЭО-ны жөндеуге 11 мердігер ұйым жұмылдырылды
Риддердегі жылу электр орталығын 11 мердігер ұйым жөндеп жатыр.
Қазіргі уақытта 6 қазандық агрегатында, отын беру трактісінде, турбиналық цехта, ЖЭО ғимаратының өзінде және жылу желілерінде қайта құру жұмыстары аяқталды,
Станция мен жылу желілерінде мердігерлік ұйымдардың 200 қызметкері еңбектеніп жатыр. Мұның сыртында «Риддер ЖЭО» АҚ-ның 67 қызметкері қолғабыс етіп жатыр. Тиісті қаражат ел Үкіметінің резервінен де, облыс бюджетінен де бөлінген.
Риддер әкімдігінің мәлімдеуінше, қажетті жабдықтар мен материалдар толық сатып алынған, соның тең жартысы жылу орталығының аумағына жеткізіліпті.
Мердігерлердің жұмысын қалалық мәслихат өкілдерімен бірге жергілікті халық та бақылап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев айтты.
«Олар күн сайын ЖЭО-ға барып, орындалған жұмыстардың көлемін, қажетті материалдар мен жабдықтарды жеткізуді қадағалап, барлық жұмыстарды назардан тыс қалдырмауда», - деді спикер.
Өңір басшылығы жөндеу жұмыстары Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмасына сай, кестеге сәйкес, уақтылы және сапалы орындалады деп сенімді түрде мәлімдеді. Бұған қажет барлық мүмкіндіктер мен ресурстар бар дейді жергілікті билік өкілдері.