ШҚО-да "Қайратты жастар" байқауы өтті
Еліміздің ұлттық мерекесі Республика күні қарсаңында Өскемендегі О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "Қайратты жастар-2023" байқауы өтті.
Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шараға өңір кәсіпорындарының 18 жастан 35 жасқа дейінгі жастары қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Тартысты өткен байқауда "Үздік спорттық команда» номинациясын Өскемен жылу электр орталығының командасы жеңіп алды. Өскемен титан-магний комбинатының жастары «Үздік черлидерлер командасы» деп танылды. «Үздік кәсіби бағдар беретін бейнеролик» Үлбі металлургиялық зауыты жастарының жұмысы болды.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, алғыс хаттармен, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Айжанат Бақытқызы