Ертіс жағалауындағы қоршаудан құлаған тұрғын көз жұмды
Ертіс жағалауындағы қоршаудан құлап кеткен облыс орталығының тұрғыны ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқиға Ғашықтар аллеясы жақта болған. Тұрғынның есінен танып жатқанын байқаған куәгерлер құтқарушылар мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне хабар берген. ТЖД қызметкерлері зардап шегушіні зембілмен алып шығып, «жедел жәрдем» облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізді. Дәрігерлер бассүйек-мидің ашық жарақаты деген диагноз қойды.
Ал бүгін пациенттің көз жұмғаны хабарланды. Әйел адам өзі де дәрігер болған.
Айта кететін бір жәйт, 13 қарашада бұл тұрғынға іздеуде жарияланған, жұмысқа шығып кетіп, үйіне қайта оралмаған көрінеді. Полиция қызметкерлері ол кезде тұрғынның аман-есен табылғанын мәлімдеді.
Ал оның жағалаудағы қоршаудан құлауына қатысты істің мән-жайы анықталады.