Семейде жүкті әйел өлім аузынан қалды
Семейде жүкті әйел дене қызуын түсіретін дәріден кейін анафилактикалық шокқа ұшыраған. Дер кезінде көмек көрсеткен жедел жәрдем дәрігерлері оның өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Оқиға 22 ақпанда болған.
Жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері Роман Мерібаев пен Ержан Мұратов шақырту бойынша келеді.
33 жастағы жүкті әйел дене қызуын түсіретін дәріден кейін есінен танып қалған екен. Оның III-IV деңгейдегі анафилактикалық шокқа ұшырағаны анықталады. Ананың ғана емес, әлі дүние есігін ашпаған сәбидің де өміріне қауіп төніп тұрған еді.
Жедел жәрдем бригадасы қажетті жансақтау шараларын жүргізіп, әйелді перинаталдық орталыққа жеткізеді. 11 сағаттан кейін ол ұл баланы босанған. Қазір ана мен баланың жағдайлары жақсы.