Шығыс Қазақстанда "Қауіпсіз қоғам" науқаны басталды
Шығыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қоғамдық тәртіпті сақтау, отбасылық-тұрмыстық мәселелермен және вандилизммен күресу мақсатымен «Қауіпсіз қоғам» науқаны басталды.
Іс-шараны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалы мен облыстық полиция департаменті бірлесіп ұйымдастарды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қоғамдық акция аясында желілік кесте құрылған. Соған сәйкес түнгі рейдттер, түсіндіру жұмыстары және профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.
20 қарашада «Қауіпсіз қала» деп аталатын алғашқы түнгі рейд жүргізілді. Тәртіп сақшылары мен белсенді жастар түнгі ойын-сауық орындарын тексеріп, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің мұндай мекемелерде жүрмеуін қадағалады. Облыс орталығындағы жеті нысан тексеріліп, құқық бұзушылыққа жол берген мекемелерге акт толтырылды.
Ал бүгін «Жастар рухы» жастар қанатының ШҚО филиалының өкілдері мен ШҚО ПД қызметкерлері қала тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуде құқық бұзушылық, қоғамдық тәртіпті сақтау, интернет-алаяқтық, отбасылық-тұрмыстық мәселелер бойынша кең мағлұмат берілді.
Республикалық қоғамдық науқан жыл соңына дейін жалғасады.