ШҚО-да орманды заңсыз кесудің 101 фактісі анықталды
Фото: http://novoetv.kz/
Шығыс Қазақстанның табиғат ерекшеліктерінің бірі - облыстың 2 миллион гектарға жуық немесе 20 мың шаршы шақырым аумағын алып жатқан орман алқаптары.
ШҚО-да соңғы 4 жылда 924 дала және 493 орман өрті болған. Жалпы шығын 3 млрд. теңгені құрады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының мәліметі бойынша, соңғы 5 жылда бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенімен орман шаруашылығының мекемелері жабдықтармен қамтылмаған.
Қолда бар өрт сөндіру техникасы мен көліктердің едәуір бөлігі тозып, ескірген. Маман тапшылығы да басты мәселелердің бірі.
Мемлекеттік орман қорының аумағында ағаштарды заңсыз кесу фактілері тыйылмай тұр. Соңғы 3 жылда 7,5 мың текше метр орманды заңсыз кесудің 101 фактісі анықталып, 10 қылмыстық іс қозғалған.
Орман алқаптарында ағаштардың өспеуіне орманды молықтыру шараларының дұрыс жүргізілмеуі әсер ететін көрінеді.
Аталған мәселелердің барлығы облыс әкімдігі басшылығының және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен Үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, анықталған заң бұзушылықтар бойынша қадағалау актілері енгізілді.
Айжанат Бақытқызы