Биыл 19 мыңнан астам этникалық қазақ отанға оралды
Фото: egemen.kz
Жыл басынан бері 19 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алған. Нақтырақ айтқанда 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 19 476 этникалық қазақ тарихи Отанына оралған.
Қандастар еңбек күші тапшы өңірлерге орналасқан. Отанға оралған қандастар Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарына және Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар облыстарына қоныстанған. 2023 жылы 2 337 қандасқа арналып квота бөлінген, - деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысы (51,9%) Өзбекстаннан, 19,6% – Қытайдан, 10,8% – Моңғолиядан , 8,5% – Түрікменстаннан, 7,2% – Ресейден, 2% - басқа елдерден келген.
Айта кетейік, өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде қаражат төленіп, қолдау көрсетіледі.