KZ
Өскемен
-2°
туман жел 1 м/с, ОБ
494.87 520.65 4.91

Кіріс декларациясында нені көрсету керек?

15.12.2023, 18:00 159

Жаңа жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі басталады.

 

Бұл туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті  Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Әсет Мұқашевтің қатысуымен өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.           

 

Басқарма басшысының айтуынша, ҚР салық заңнамасында жалпыға бірдей декларациялауды енгізу төрт кезеңге бөлінген.

 

Бірінші кезеңінде декларацияны жауапты мемлекеттік лауазымдағы адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсырған.

 

Екінші кезеңде мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары тапсырды.

 

Үшінші кезеңде, яғни алдағы 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсырады.

 

Соңғы кезеңде декларацияны барлық қалған санаттағы тұлғалар тапсырады.

- Декларацияның үшінші кезеңінде шетелдегі жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көлік құралдары, арнайы техника және тіркемелерді, әуе және өзен-теңіз суларында жүзетін кемелер, ҚР тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, шетел банкіндегі жиынтық сомасы 1000 АЕК-тен (3 450 мың теңге) асатын ақшаны көрсету керек, - деді Әсет Мұқашев.

Декларацияны тұрғылықты жеріңіз бойынша 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет. Азаматтар декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Банк Центркредит мобильді қосымшалары немесе келу арқылы тапсыруға болады.

 

Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 51 750 теңге көлемінде айыппұл салынады.

 

Декларацияда толық емес немесе анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін  10 350 теңге көлемінде айыппұл салынады.

 

Жыл ішінде бірінші рет салық объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде, қайталап бұзушылық үшін 300% айыппұл салынады.

 

Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу