Риддердегі сумен жабдықтау нысаны толық қуатпен жұмыс істеп тұр
Таудағы қар көшкіні салдарынан 12 қаңтар күні таңертең Риддерде суық су беру мөлшері азайған болатын. Түс ауа жабдықтау жүйесі қалпына келтірліп, су қайтадан толық беріле бастады.
Қала әкімі шаһардағы әлеуметтік нысандарды аралап, сумен қамтамасыз етілуін тексерді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Мамандардың айтуынша, кешелі бері күннің күрт жылынуынан және жаңбырдан Громотуха өзені шатқалында қар көшкіні жүрген. Таудан төмен лықсыған қар-мұз етектегі өзен арнасын бітеген. Соның салдарынан 12 қаңтар күні таңертең Риддерде су беру азайды. Төтенше жағдай орнына жергілікті әкімдіктің, арнайы қызметтердің өкілдері жедел жетіп, жерасты су жүйесін іске қосу жұмыстарын жүргізді. Бұл уақытта Громотуха өзені де жылғаны бітеп қалған қар-мұзды табиғи жолмен жарып өтіп, арнасын тапқан болатын. Өзен суы каналмен ағып жабдықтау нысанындағы нөлдік камераға жетті. Ол жерде су қар-мұздан тазартылды. Нәтижесінде түс ауа қалаға су толық беріле бастады.
Жалпы, кеншілер шәрінде мұндай төтенше жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Батыс Алтайдың баурайындағы моноқалада табиғаттың тосын мінезінен бір емес бірнеше күн бойы су берілмей қалған кездер де болғанын көнекөз қариялар айтады.
Ал қала әкімінің айтуынша, осы жолғы төтенше жағдай кезінде тұрғындарға суды тасымалдап жеткізудің ешқандай қажеттілігі болмаған. Өйткені сумен қамту мөлшері күрт азайғанмен мүлдем тоқтап қалған жоқ және жауапты қызмет өкілдерінің дереу әрекет етуінің арқасында жабдықтау нысаны қайта іске қосылды.
Бір айта кетерлігі, қала таулы аймақта орналасқандықтан қар көшкіні салдары жойылғанша тұрғын үйлер мен нысандарға судың берілуі әртүрлі мөлшерде болған. Сумен жабдықтау нысанының резервуарлары суға толған соң насос іске қосылып, екінті кезінде қалаға тіршілік нәрі толық жеткізіле бастады. Қазір жағдай тұрақты.