ШҚО-да алғаш рет өңірлік жастар кадрлық резервіне іріктеу жарияланды

Фото: orda.kz
Мемлекеттік қызметтің әртүрлі лауазымдарына кандидаттар ретінде іріктеуге жоғары білімі және кемінде үш жыл еңбек өтілі бар 35 жастан аспаған ҚР азаматтары қатыса алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаевтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының аумағында өңірлік кадр резервіне іріктеу алғаш рет жарияланып отыр.
Шығыс Қазақстан облысында кадр резервіне кандидаттарды іріктеу бес бағыт бойынша жүзеге асырылады: индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, әлеуметтік сала, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым.
Нұрлан Еркебаев атап өткендей, кадрлық резервке іріктеу рәсімі бес кезеңнен тұрады. Оның біріншісі биылғы 1 наурызда басталып, 31 наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта үміткерлер іріктеуге қатысу үшін өтініш пен құжаттарын тапсыра алады.
Оларды қағаз түрінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментіне немесе электрондық үкімет порталы арқылы да беруге болады.
Екінші кезең тестілеудің екі түрін қамтиды. Біріншісі - ҚР заңнамаларын білуге 1-9 сәуір аралығында өтеді. Екінші тестілеу үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауға бағытталған. Бұл кезең 13-14 сәуірге жоспарланып отыр.
Үш кезеңнен өткен үздік қатысушылар комиссия мүшелерімен сұхбатқа шақырылады және осыдан кейін комиссия отырысында кандидаттарды Өңірлік кадр резервіне қабылдау туралы шешім қабылданады.
Айта кетейік, ШҚО Өңірлік кадр резервіне бес іріктеу кезеңінде ең жоғары балл жинаған 10 үміткер қабылданады.
Айжанат Бақытқызы