ШҚО жолдарында 375 техника жұмыс істеп жатыр
Шығыс Қазақстан облысында толассыз қар жауып, күн райы құбылмалы болып тұр. Дәл қазір тас жолдарда жағдай күрделі. Дегенмен мамандар да тынбай еңбектеніп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Республикалық маңызы бар жолдарда 52 техника, облыстық маңызы бар жолдарда 49 техника іске қосылды. Қалалар мен аудандар 274 машина жұмылдырды.
Облыс орталығындағы 200-ге жуық коммуналдық қызметкер жұмыс істеп жатыр, 100-ден астам техника қозғалды.
Қазгидромет ақпаратына сүйенсек, өткен тәулікте жауын-шашынның айлық нормасының 42 пайызы түскен. Қар жамылғысының биіктігі 25 сантиметр болды.
«Қаланың көлік және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымындағы жұмыстар үзіліссіз жүріп жатыр. Тұрғындарға ескертеміз, жол жиегіне көлік қоймаңыздар. Әйтпесе, мамандардың жұмысына кедергі келтіресіздер, - деп мәлімдеді Өскемен әкімдігі.
Дәл қазір бірқатар республикалық маңызы бар жол учаскелері жабық:
Алматы-Өскемен, (1013-1048 км., Абай обл.-Ұлан кенті);
Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы, (15-102 км., Глубокое к.-Шемонаиха қ.);
Өскемен-Семей, (10-103 км., Герасимовка ау.-Абай обл.)
Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары 6-166 км, (Ушановское ауылынан Алтай қаласына дейін), 420-450 км, (Берел санаторийінен Рахман қайнарына дейін);
Өскемен-Шемонаиха-РФ, 105-123 км., (Шемонаиха қаласы- РФ шекарасы);
Өскемен-Риддер-РФ шекарасы, 15-102 км (Белоусовка кенті-Риддер қаласын).
Облыстық маңызы бар жолдар:
Өскемен-Таулы Үлбі-Северное, 30-60 км;
Өскемен-Тарғын-Самар, 63-145 км;
Тарханка-Топиха, 0-12 км;
Шемонаиха-Секисовка, 0-54 км;
Дмитриевка-Бородулиха-Шемонаиха, 72-87 км;
Үлкен Нарын-Күршім, 96-135 км;
Күршім-Қалжыр, 0-131 км.
Өңірде коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Жұмыстар тәулік бойы жүріп жатыр.