Қостанай облысында төтенше жағдай жарияланды
ҚР ТЖМ
Кеше Тобыл өзені деңгейінің қарқынды көтерілуіне байланысты Тобыл және Қостанай қалаларының елді мекендерін су басу қаупі туындады, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Қаратомар су қоймасынан көп көлемде су ағызылуына байланысты, жағдай ушыққан. Тұрғындарды шұғыл қауіпсіз жерлерге көшіру қолға алынды. Дорожник, Садовод, Мичуринец бау-бақша қоныстарына және Колесные ряды ауданына су жайлауы мүмкін.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтың тапсырмасы бойынша, Төтенше жағдайлар министрі Чингис Аринов таңертең Қостанай облысына келді.
Міндеті - су тасқыны жағдайын тұрақтандыру бойынша жұмысты үйлестіру. Жұмыс сапары барысында ведомство басшысы облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірлесіп эвакуациялық пункттерді, су басқан аула учаскелерін және Қостанай ауданындағы корей көпіріндегі бөгеттерді аралады.