Материалдық шығындар толық өтеледі – Мемлекет басшысы
Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты елде қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Президент бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деді.
Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.
Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ, құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.
Мемлекет басшысы алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керектігін атап өтті. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес.
Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.
Мемлекет басшысы БАҚ, белсенді азаматтарға және блогерлерге жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпауды ескертті. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.