Төтенше жағдайлар туралы 29 жалған ақпарат анықталған
pixabay.com
Салдарынан құтқару бригадаларының жұмыс күші мен уақыты қажет емес жерлерге текке шығындалды.
Жалған ақпараттар көбіне мессенджерлер арқылы таралады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Ең көп тараған ақпараттар қатарына бөгеттердің бұзылуы, республикалық маңызы бар жолдарды су басуы, су қоймаларындағы, электр станцияларындағы және басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары, қаражат жинау және төлеу туралы жалған мәліметтер жатады.
Денсаулық сақтау министрлігі де су басқан аумақтарда жұқпалы аурулардың өршу қаупі және эпидемиологиялық қызмет тарапынан жағдайды бақылаудың жеткіліксіздігі туралы жалған ақпарат тарағанын мәлімдеп отыр.
Тасқыннан зардап шеккендерге арналған төлемдер туралы да әдейі жалған хабарламалар тарату үлкен қауіп төндіреді.
Жарнамаларын сенімді көрсету үшін қылмыскерлер қазақстандық банктер мен мемлекеттік мекемелердің атауын пайдаланады. Мысалы, Facebook, Instagram және Telegram желілерінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әртүрлі банктермен бірлесіп төлейтін төлемдері туралы хабарламалар жиі жарияланады.
Сондай-ақ, Қаржы министрлігі жаңа қаулы қабылдап, шығынның орнын толтырып жатыр екен деген жалған ақпарат жүр. Адамдарды жаңылыстыру үшін алаяқтар әр жазбаның астына алғыс сөздері бар бот пікірлерін жазады.
Бұл көрінеу жалған хабарламалардың барлығы мемлекеттік органдар арқылы жедел теріске шығарылып, барлық фактілер бойынша құқық қорғау органдарына хабарламалар жіберілді.
Барлық анықталған заңсыз фактілерге құқықтық баға беру, жедел-іздестіру және іс жүргізу үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.