Қалғұты өзенінің жағалауы бекітілді
Күршім ауданы Қаратоғай ауылдық округінің аумағындағы Қалғұты өзенінің Сарыөзек учаскесінде су шайып кеткен 12 метр жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жұмысқа жергілікті атқарушы органдардан 33 адам және 3 арнайы техника жұмылдырылды. Су тасқынының алдын алу жұмыстары барысында, шамамен, 40 метр жерге тор тартылды. Оған қоса, өзен жағалауы гравий толтырылған қаптармен бекітілді.
Ал Қаратоғай ауылының батыс жақ бөлігінде орналасқан дамбаны нығайту үшін мамандар үш жүк көлігі мен бір арнайы техниканы қозғады.
Аудандағы ахуалға күнделікті мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырлған. Тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ. Жағдай аудан әкімінің тікелей бақылауында.