Тұрғын үй құрылысы саласында түйткіл көп
Фото: ratel.kz
Бүгінгі күні облыс орталығы аумағында 59 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Бюджет қаражаты есебінен 12 , коммерциялық қаражат есебінен 47 көп қабатты тұрғын үй салынып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мамандары салынып жатқан 21 тұрғын үй нысанына мониторинг, тексеру іс – шараларын жүргізіп, бірталай былықтардың бетін ашқан. 19 құрылыс салушы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Салынып жатқан 6 тұрғын үй кешенінің құрылыс жүргізуге арналған құжаттары толық емес екені анықталып отыр, атап айтқанда:
- «Grand Residence» ТК Красин көшесі, 11 В, Тапсырыс беруші - "MRS Company" ЖШС. Құрылыстың жобалық құжаттамаға сараптамасы, авторлық және техникалық қадағалауларды сүйемелдеу құжаты жоқ. ҚМЖ өндірісінің басталғаны туралы хабарлама талоны да жоқ. Аталған нысанның құрылысына тыйым салу туралы сот шешімі шыққан.
- «Astoria» ТК Көкжал Барақ көшесі, 18 А, Тапсырыс беруші – «Дейнека» ЖШС. Келісілген эскиздік жобасы жоқ, құрылысы тоқтатылған.
- «Шаңырақ» ТК Сәтпаев даңғылы, 27 үй, Тапсырыс беруші – Садықова Айнаш. Бұл тұрғын үй құрылысының жобалық құжаттамаға сараптамасы, авторлық және техникалық қадағалауларды сүйемелдеу құжаты, ҚМЖ өндірісінің басталғаны туралы хабарлама талоны жоқ, құрылыс тоқтатылған.
- «Asyl Tau» ТК Көкжал Барақ көшесі, 26, Тапсырыс беруші – «Орда Трейдинг» ЖШС. Құжаттарының толық болмауына байланысты бұл нысанның құрылысы да тоқтатылып отыр.
- «AB-Residence» ТК, Тапсырыс беруші – «Stroi Invest Capital» ЖШС. «Krilova» ТК Крылов көшесі, 70/1, Тапсырыс беруші-Шеленговский М. Тұрғын үйлер қабатының көбеюіне байланысты жобалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама қорытындысы жоқ. Сот талқылаулары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Басқарма заңдылықты бақылау мәніне тұрақты негізде мониторинг жүргізеді, оның нәтижелері бойынша 8 ұйым «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 320-бабы бойынша, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
-Тұрғындар салынып жатқан тұрғын үйден тұрғын үй сатып алуды жоспарлау кезінде «ҚЖК» АҚ (homeportal.kz) тұрғын үй порталының сайтында ақша тартуға тиісті рұқсаттың бар жоғын өз бетінше тексеруге болады. Брондау шарттары заңсыз болып табылады және тұрғын үй алуға кепілдік бермейді. Көбінесе құрылыс салушылар тұрғын үйлерді жоғары класты, премиум класты тұрғын үймен жарнамалап, сатады, өйткені жобалық құжаттамаға сәйкес төменгі класты тұрғын үй жарнамаға сәйкес келмейді. Осыған байланысты, пәтерлерді сатып алу кезінде ресми құжаттамаға назар аударуды, мемлекеттік сараптаманың қорытындысына, келісілген эскиздік жобаға көңіл бөлуді ескертеміз,- дейді мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Самат Қайрдинов.
Қарап отырсақ, облыстағы тұрғын үй-құрылыс саласы қаржы пирамидасына ұқсап бара жатқандай. Өскеменде заңсыз салынып жатқан бірнеше тұрғын үйге миллиондаған қаржысын құйып, алданып қалғандардың оқиғасынан өзгелер сабақ алуы керек.