KZ
Өскемен
-4°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
517.66 606.49 6.44

Қазақстандық оқушылар Хьюстондағы робототехника байқауында топ жарды

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

23.04.2024, 19:07 281 Айжанат Бақытқызы

Хьюстонда ең үлкен FIRST Championship чемпионаты аяқталды. Оған әлемнің 55-тен астам елінен 50 мың оқушы қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша, биыл Қазақстан құрамасында Астана,  Алматы, Шымкент қалаларының  командалары болды.

Биылғы құраманың нәтижелері:

6-10 жас аралығындағы бастауыш сынып оқушылары қатысатын IQ Robots командасы үздік таныстырылым және жоба идеясы үшін Best Poster Award номинациясында жеңіске жетті.

Жоғары сынып оқушыларынан құралған Bolt.M3 командасы Motivate Award беделді жүлдесін қанжығалады. Бұл марапат өз елінде және одан тыс жерлерде STEM-ді танымал етуге үлес қосқан командаға беріледі.

Сондай-ақ, 10-16 жас аралығындағы оқушыларды біріктірген Shymside командасы жаһандық STEM қозғалысының маңызды критерийі болып саналатын FIRST бағдарламасының командалық рухы мен негізгі құндылықтарын көрсетті. Сонымен қатар, іс-шара ұйымдастырушылары Shymside командасын осы маусымға арналған деректі фильмге түсірді.

«Біздің балалар чемпионаттың барлық үш күнінде көшбасшылар қатарынан көрінді. Олардың алаңдағы ойындарын, жеңістері мен жеңілістерін көру, қазылар алқасының мүшелерімен сұхбатын кулуарда күту сәттері өте қызықты болды. Балаларымызда өте мықты роботтар, инженерлік жобалар, айдентика және негізгі құндылықтар бар. Біздің балаларымызды әлемнің түкпір - түкпірінен жиналған 50000-нан астам оқушы арасында байқамау мүмкін емес. Мәселен Bolt.M3 командасы иеленген жүлде ТМД елдерінің арасындағы мұндай алғашқы марапат» - дейді «Дарын» республиалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Қазақстан құрамасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «USTEM Foundation» қоғамдық қоры мен «Дарын» РҒПО ұйымдастырған Central Asia FIRST Championship Орталық Азия чемпионатының нәтижесі негізінде жасақталған болатын.

Чемпионатта жеңіске жеткен оқушылар әлемдік жоғары оқу орындарындағы стипендиялар мен гранттарға қол жеткізуге мүмкіндік алады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу