ШҚО-ның гимнастары бес медальға ие болды
Фото: ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасы
Өскеменде эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан кубогы үшін жарыс мәресіне жетті.
ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша, жарысқа барлығы 45 команда қатысқан. Бұл жолғы додада шығысқазақстандықтардан бөлек, Абай мен Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ, Алматы, Шымкент және Астана қалаларынан келген ұзын саны 352 спортшы сынға түсті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Екі күнге созылған бәсекеде біздің облыстың спортшылары бес бірдей жүлдеге ие болды. Атап айтсақ, Favorit командасы (қысқа бағдарлама) 16 жастағылар мен одан үлкен қатысушылар арасында ұйымдастырылған сында қарсылас шыдатпай, бірінші орынды жеңіп алса, дәл осы санаттағы ұзақ mix бағдарламасы бойынша өткен сайыста Carat ұжымы екіші орыннан көрінді.
Тағы бір екінші орынды Fire командасы (ұзақ бағдарлама) еншіледі. Бұл ұжым 12 мен 14 жас аралығындағы гимнастардан құралғанын айту керек.
Ал үздік үштікті түйіндегендердің арасынан Шығыстың екі командасы табылды. Олар: «Феникс» (10-12 жас аралығы, қысқа бағдарлама) пен Bliss (8-10 жас, ұзақ бағдарлама) командалары.