Сарқын суды тазартудың сапасы арта түседі – ШҚО
Бүгінде еліміздегі кәріз-тазарту құрылыстарының 60% ескірген. 2028 жылға дейін 68 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу немесе реконструкциялау жоспарланып отыр. Аталған қалалар қатарына Өскемен де бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев «Өскемен Водоканал» кәсіпорнының жұмысымен танысты. 1977 жылы бой көтерген нысанның қазіргі су өткізу мүмкіндігі тәулігіне 103 мың текше метрге жетеді. Облыс орталығында жаңа шағын аудандардың көптеп салынып жатқанын ескере отырып, қуаттылықты 137 мың текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр.
Тозығы жеткен нысан 2025 жылы қайта жаңғыртылатын болады.
Аймақ басшысы өз сөзінде шаһар тұрғындары қолқаны қабатын жағымсыз иіске жиі шағымданатынын айтты. Сондай-ақ өндірістік процестер нақты уақыт режимінде көрсетілуі үшін цифрлық платформа құру қажеттігін де атап өтті.