Риддер автопаркі 25 қоғамдық көлікпен толықты
Риддер қаласында қоғамдық көлік тапшылығы жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі болатын. Шаһар тұрғындары қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында аялдамада сағаттап тұратын. Енді міне жергілікті жұртты мазалаған түйткілдің түйіні тарқатылып, отандық 25 жаңа автобус пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Риддерге барған жұмыс сапарының бірінде қала тұрғыны Татьяна Морозова қоғамдық көлік мәселесін айтқан болатын. Көп ұзамай мәселе оң шешімін тапты. Семейдегі зауытта құрастырылған 25 автобус сатып алынды, оның сегізі желіге шығып, тестілік режимде қызмет көрсете бастады. Айта кетейік, бұл қоғамдық көліктер жолаушылардың сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті.
Қазір қала ішінде 14 ескі автобус жолаушы тасымалдап жүр. Енді олардың қатарына 25 жаңа автобус қосылып, жалпы саны 39 болды. Жаңа қоғамдық көліктер заманауи құрылғылармен жабдықталған, мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай қарастырылған. Сыйымдылығы – 80 адам.
– Қала тұрғындары атынан облыстың басшылығына алғыс айтамыз. Жылдар бойы қордаланған мәселе шешімін тауып, мінеки жаңа автобустар алып жатыр. Қоғамдық көліктердің жетіспеушілігінен қарапайым халық аялдамада сағаттап тұруға мәжбүр болатын. Енді ол күндер артта қалды деп ойлаймын, – деді қала тұрғыны Татьяна Морозова ағынан жарылып.
Аймақ басшысы қаладағы автобус тапшылығы мәселесі тұрғындардың белсенділігі арқасында шешімін тапқанын атап өтті.
Сондай-ақ бастамашыл тұрғындар бульварға орындық орнату қажет екенін айтты. Облыс әкімі риддерліктердің бұл өтініші де орындалатынын жеткізді.