ШҚО әкімі шетелдік туристерге автокөліктегі тонировка үшін шектеу қоймауды ұсынды
фото: depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облысы туристік нысандардың алуантүрлілігімен ерекшеленетін еліміздегі бірден-бір аймақ. Өңірге келуші шетелдік туристердің саны жыл санап артуда. Сондай-ақ биылғы жыл Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы деп жарияланды. Өңіріміз аспан асты еліне жақын орналасқандықтан, қытайлық туристердің қызығушылығы да артты.
Қазақстан көрші елдермен бірге ШЫҰ, ЕАЭО сияқты көптеген ұйымдарға мүшелік етеді. Сондай-ақ шекаралас Ресеймен, Орталық Азия мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынаста. Биыл наурыз айында облыс өкілдері Қытайдағы Қазақстанның туризм жылының ашылу салтанатына қатысып, Шығыс Қазақстанның туристік әлеуеті жөнінде сөз қозғады. Қытайлық кәсіпкерлермен және туроператорлармен кездесуден кейін көрші елдік туристердің алғашқы тобы өз көліктерімен облысқа бет бұра бастады.
Шығыс Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуына өңірге бет бұрған туристердің, соның ішінде шетелдік туристердің санының артуы жаңа серпін бермек. Облыста қызмет көрсету нысандарының қызметі жанданып, шағын қонақ үйлер, кемпингтер, жатақханалар, қонақ үйлер, дәмханалар, дүкендер, сондай-ақ облыс қонақтарына арналған мәдени, спорттық және ойын-сауық ұйымдары ашылмақ.
Айта кетейік, шетелдік туристердің кейбірі арнайы турлардың көмегінсіз тек өздері қалаған жерлерді аралап, көлікпен саяхаттауды жөн көреді. Мәселен, екі апта бұрын Шығыс Қазақстан облысына Қытайдан саяхатшылардың алғашқы тобы өз көліктерімен келді. Осы жерде туындаған бір мәселе бар. Қазақстанда көлікті түгел қараңғылауға заңмен тыйым салынған, ал Қытайда мұндай шектеу жоқ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев шетелден келетін автотуристерге қатысты осы мәселесі жөнінде айтты.
Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгеріс енгізу керек дегенді білдірмейді. Тек туристердің мүддесін қанағаттандыратын және аймақтың туристер үшін тартымдылығын одан сайын арттыратын оңтайлы шешім қабылданғаны жөн.
Айта кетейік, ҚХР Қанас көлінен Марқакөлге дейін трансшекаралық туристік маршрут салу жөнінде ұсыныс берген. Теректі ауылы арқылы Шығыс Қазақстанға жаңа шекара өткелі ашылған жағдайда туристердің бір бөлігін осы бағыт арқылы тартуға болады. Бұл маршрут арқылы саяхатшылар бір жолда Марқакөл, ескі Австрия жолы, «Берел» мұражай-қорығы сияқты көрнекті жерлерге соғады.