Қытайда Қазақстан туризмі жылы басталды
Фото: stan.kz
Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылу салтанаты өтті. Аталған шараның ашылу рәсімі Қазақстан-Қытай туристік және инвестициялық форумынан басталды. Форумда ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның туризм жылы – екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететін ерекше іс-шара. Бүгінгі іс-шарамыз осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам болып отыр. Біздің диалогымыз жемісті және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін құрай отырып, туризм саласындағы серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз», – деді министр.
Сондай-ақ ол Қазақстан кез келген саяхатшыны өзінің көшпелі мәдениетімен, ғасырларға жалғасқан тарихымен және бірегей табиғатымен қызықтыратынын атап өтті.
Форумға Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ли де қатысты.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов та сөз сөйледі. Ол жиналған қауымға «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясын таныстырды.
Сондай-ақ форумға қатысушылар үшін бірегей көрме ұйымдастырылды, онда қонақтар Қазақстанның барлық 17 аймағының көрікті жерлерімен таныса алады.
Форум соңында қазақстандық және қытайлық тараптар арасында бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Еске сала кетсек, 29 наурызда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу салтанаты, көрнекті әртістердің қатысуымен үлкен гала-концерт өтеді.