Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында кезекті концерттік маусымның шымылдығы жабылды.
Шарада халық әндері, классикалық туындылармен қатар отандық композиторлардың шығармалары шырқалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
- Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі өткен маусымда көптеген жобаны сәтті жүзеге асырды. Атап айтқанда, елімізге белгілі дирижер, күйші Әбілет Азбаевтың «Folk Show» жобасын Шығысқа алып келдік, әлемдік хиттерден арнайы концерттік жоба жасадық. Ол халықтың көңілінен шықты десек болады. Сондай-ақ маусым басында Талдықорған, Алматы, Семей қалаларында концерт беріп қайттық. Келесі маусымда осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз. Қазір жаңа жобаларға дайындықты бастап кеттік, - деді Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Шалқар Рысханов.
«Ертіс концерт» сахнасында Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, облыс әкімінің симфониялық оркестрі, «Big Band» джаз оркестрі, камералық оркестрі, тыңдарман қауымды халқымыздың бай музыкалық туындыларымен сусындатып келе жатқан «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Алтай» халық би ансамблі, «An.Sal.Dar» тобы мен «Әлем сазы» вокалды-аспаптық ансамблі өнер көрсетіп, Өскемен төрін әуезді әнге бөледі.
- Біз үшін бұл маусым өте ерекше, табысты жыл болды. Өздеріңіз білетіндей, Астана қаласында арнайы әзірленген бағдарламамен есептік концерт бердік. Тынбай еңбектенудің арқасында халықтың барлық топтары мен тыңдаушыларға арналған әртүрлі шығармалар дайындадық. Түрлі аудиториямен қатар түрлі бағытты да қамтуға тырыстық. Бүгін маусымның жабылуында ең сәтті шыққан шығармаларды халыққа ұсынып жатырмыз, - деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Александр Галсанов.