Биыл 350 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады
depositphotos.com
Жаңа 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда 3,9 млн-нан астам оқушы мектепке барады, оның 352 мыңы – бірінші сынып оқушылары, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлағандай, елде күрделі жөндеуден өткен 178 мектеп 1 қыркүйекте ашылмақ. Жаңғырту жұмыстары жүргізілген 1 мыңға жуық ауылдық орта білім беру мекемесі де өз жұмысын бастайды. Өңірлерде оқытылатын пәніне сәйкес бейінді құрал-жабдықтармен 1 мың кабинетті жарақтандыру жоспарланғанымен 1,5 мыңнан астам пәндік кабинет жаңартылды.
Оқушыларды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы оқу жылында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың балаға артық. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 510 мыңнан астам оқушы оқу құралдарын сатып алуға көмек алды.
2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру үшін өңірлерде 31 мың жаңа орын ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналары үшін 3,5 мыңнан астам консультациялық орталықтар ұйымдастырылды. Ата-аналарға бала күтімі мен оларды дамыту бойынша консультациялық көмек көрсету үшін «Беске дейін үлгер» мобилді қосымшасы іске қосылады.