ШҚО-да мүгедек жасөспірімді тонап кетті
Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында бұзақылар денсаулық мүмкіндігі шектеулі жасөспірімді тонап кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Самар ауылының тұрғыны полиция бөліміне қоңырау шалып, 16 жастағы мүгедек баласын белгісіз біреулердің тонап кеткенін хабарлаған. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтады. Жәбірленуші кешке қарай досының үйіне бара жатқан. Кенет алдынан бейтаныс адамдар кесе-көлденеңдеп шығып, соқтыға бастаған. Әлімжеттік жасап қана қоймай, ұялы телефонын беруін талап еткен. Әлбетте жасөспірім қарсыласқан. Артынша бұзақылар баланы ұрып-соғып, 90 мың теңгелік телефонды тартып алып кетеді.
— Құқықтық тәртіп сақшылары күдіктілерді дереу анықтап, қолға түсірді. Олар жәбірленушінің ауылдастары болып шықты. Күдіктілер өз кінәсін толық мойындады. Телефон заңды иесіне қайтарылды, – деп мәлімдеді ШҚО ПД басшысы Сағат Мәдиев.
Департамент баспасөз қызметінің деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК 191-бабы (зорлық-зомбылықпен тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Заңға сәйкес қылмыскерлердің мүлкін тәркілеу, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы орындалады.