75 жылдан кейін жеткен хабар
Еуропадағы соғыстың соңғы оғы атылған сонау тарихи күннен бері 75 жыл өтті. Алайда оның елімізге қаншама қиындықтармен, қаншама адам шығынымен келгендігін ойлаудың өзі қорқынышты.
Жеңіс күнінен бері осыншама жылдар өтседе бала әкесін, іні-қарындастар ағаларын, немерелер аталарын, ет жақындар туыстарын әлікүнге іздеумен келеді. Өрімдей жаста қолдарына қару алып Отан қорғауға аттанған ет жақындарының енді қайтып келместеріне көңілдерін сендірсе де, ең болмағанда сүйектерінің қай жерде жатқандарын білгісі келетіндер қаншама?. Іздестірулерінің нәтижелерін көріп, еліміздің бостандығы,біздің жарқын болашағымыз жолында мерт болған ет жақындарының қабірлерінің басына туған жерлерінің бір уыс топырағын алып барып, дұға жасап келгендер де баршылық. Биылғы Жеңіс мерекесі қарсаңында катонқарағайлық Берікбол Қашанаев та нағашы ағасы Бүлкебаев Дүйсенбі Мәмежанұлының хабарын естіп,қуанды. Ол Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы аудандық қорғаныс ісі жөніндегі басқармасы арқылы іздестіріп, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Москва облысы, Подольск қаласындағы Мемлекеттік мұрағатынан анықтама алуға қол жеткізді. Ол анықтамада 1925 жылы туған, қатардағы жауынгер Бүлкебаев Дүйсенбі Мәмежанұлының Қызыл Тулы 32-ші Тамань Гвардиялық атқыштар двизиясының құрамында соғысқаны. Крым жеріндегі бір биіктікті алудағы жаумен болған жан алысып, жан беріскен ұрыста снайперші Бүлкебаев Дүйсенбінің ерлік көрсетіп неміс басқыншыларының бірнеше солдаттарының көзін құртқаны. Сол үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны. 1944 жылы 27 наурызда қаза тауып Крым АССР-дағы Юраков хуторының маңындағы двизиялық зиратта жерленгені жазылған. Осы мұрағаттың анықтама қағаздарында Дүйсенбі Бүлкебаевтың өз жерлестері Кенжебек Нұрмұханбетов, Қапар Алипиновтермен бірге «Ерлігі үшін» медальмен марапатталғандығы көрсетілген. Кенжебек Нұрмұханбетовағамыз сол соғыстан аман- есен елге келді. Ал, Қапар Алипинов майдан даласынан оралған жоқ. Қызыл Тулы 32-ші Тамань Гвардиялық двизиясының сапында қабырғалық Сіләм Тойғанбаевтың да соғысқанын біз білеміз. Ол кісі де жеңімпаз солдат болып туған жерге қайтып келген болатын.
-Нағашым Дүйсенбі Бүлкебаев,-дейді Берікбол Қашанаев- небәрі он сегіз жасында Отан қорғауға алынып, өмірден де өте жас кетті. Артында ұрпақ та қалмады.Тұрған ауылы қазіргі Аққайнарда да ол туралы білетіндерден ешкім жоқ. Өзімнің анам Маубике Бөлкебаева бір ата-анадан төрт ағайынды болғандығын. Ата қоныстары қазіргі «Тайлақ жалағы» екендігін, ағалары Дүйсенбі мен Санияздың оң қолдары өнерлі болғандығын айтып отыратын.
«Ешкім де ешуақытта ұмытылмайды» деген соғыстан қалған девиз бар. Ендеше он сегізінде Отан үшін от кешкен Дүйсенбі Бүлкебаев та ұмытылмауға тиіс. Мұны оның аққайнарлық жерлестері ескерер деген ойдамыз.
Жәнібек Қызыр