Зайсан мен Марқакөлде ішкі туризм дамитын болады
Алдағы жылдан бастап өңірдегі Зайсан мен Марқакөл жағалауында экологиялық туризм дамитын болады. Осы мақсатта Күршім ауданының әкімдігі арнайы жобаларды іске асыруды қолға алған. Бұл туралы Өскеменде студент жастармен кездесу өткізген аудан әкімі Дулат Қажанов айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Өздеріңіз білесіздер, биыл облыстағы Алакөлдің жағалауына миллионнан астам адам демалуға келді. Енді осындай мүмкіндікті ауданның аумағында орналасқан Зайсан мен Марқакөлдің жағалауында да жасамақ ниеттеміз. Осы мәселені жіті сараптап көргенімізде, Зайсанның жағасына жаз мезгілінде көрші Ресейден адам көп келетінін анықтадық. Марқакөл жағасы да жаз болса адамнан босамайды. Соған орай кәсіпкерлермен бірге жұмыс жасап, оларға көл жағасынан заман талабына сай демалыс базаларын салу үшін бірден он гектарға дейін жер беруді ойластырудамыз. Оның сыртында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың туризм кафедрасы біздің бастамамызға қолдау көрсетіп отыр. Жобаларымыз іске асқанда ауданға демалуға келетін туристердің саны артатын болады, - деді Дулат Қажанов.