KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО-да қысқа дайындық қалай жүріп жатыр?

pixabay.com

3.11.2024, 09:00 241 Назерке Каримова

Синоптиктердің болжауынша, алдағы қыста температуралық режим климаттық норма шегінде, жауын-шашын көпжылдық нормадан асатын болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Қазгидромет» РМК ШҚОФ ақпаратынша, қыста түнде 30-45 градусқа дейін қалыпты төмен температуралық фон сақталатын кезеңдер де болуы мүмкін.

- Қысқы кезеңде ТЖ жою жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, облыс аумағында 1717 адам, 686 бірлік техника жұмылдырылады, - деді ШҚО ТЖД ТЖ жою басқармасының бастығы Ернар Жалелов. - Төтенше жағдайлар департаменті авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу және эвакуациялау үшін 114 бірлік жоғары өтімді техника дайындалуда. Республикалық автожолда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Ұлан ауданындағы Привольное ауылында трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс атқарып, ол сондай-ақ жылыту пункті ретінде пайдаланылады.


Облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5 265,7 км құрап, оның ішінде 1 238 км - республикалық маңызы бар, 1 587 км - облыстық маңызы бар, 2 440,7 км - аудандық маңызы бар жолдар. Облыс бойынша қарлы учаскелердің жалпы ұзындығы республикалық деңгейдегі жолдарда 256 км - 112 км және облыстық деңгейдегі 144 км құрайды.

Облыстың автожолдарында 10 жылыту пункті жұмыс істейтін болады, оның 4-і облыстық және 6-ы республикалық жолдарда. Қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен қосымша 15 жол бойындағы кафе (кемпингтер) анықталып, олар жылыту және тамақтану пунктері ретінде пайдаланылатын болады.

«Қажсервис» ЖШС ШҚОФ бас инженері Айдын Нұралдинов филиалдың республикалық маңызы бар 597 км автомобиль жолдарына қызмет көрсететінін айтты. Жолдарды қыста күтіп ұстау үшін 100 бірлік мамандандырылған қар тазалау техникасы толық дайындықта. 2024 жылы филиал арнайы техника паркін жаңартылып, кәсіпкерлікті дамыту қоры аясында 6 ауыр автогрейдер алынды.

«ОблШығысЖол» ЖШС жол қозғалысы қауіпсіздігі қызметінің бастығы Ришат Құдербаев аудандардың климаттық ерекшеліктеріне сүйене отырып, 119 бірлік техника біркелкі бөлініп, 1581 км автожолға қызмет көрсететінін  айтты.

ШҚО елдегі көшкін қаупі бар өңірлердің бірі болып табылады. "Қазселденқорғау" ШҚО филиалы қызмет көрсететін аумақта 325 көшкін алымы бар. Автожолдардың 93 км, демалушылар саны 3000-нан асатын туристік базалары қар көшкінінің әсер ету аймағына жатады.

«Қазселденқорғау» ММ филиалы қар көшкіні жүруі мүмкін 20 бағытты айқындап, 160 қар өлшегіштер орнатылды.

- ШҚО аумағында Ұлан ауданында 2, Күршім ауданында 1 және Алтай ауданында 2 рұқсат етілмеген мұз өткелдері бар. Сондай-ақ, қыста балық аулауды ұнататындар жиналатын су айдындаы көп. «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне» сәйкес қалыңдығы 10 см-ден аз мұзға шығуға тыйым салынады. Қалыңдығы 25 сантиметрден кем мұзға шыққан кезде өзімен бірге ысқырық, құтқару жилеті, шильц, диаметрі кемінде 11 мм ұзындығы кемінде 12 метр арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ болуы қажет, - деп ескертті мамандар.


Айта кетейік, дауылды ескертулер туралы ақпарат халыққа ұялы байланыс операторларының SMS-хабарламалары, "DARMEN" мобильді қосымшасы, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жеткізіледі.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Архат Қасайынов өз баяндамасында жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен жүруді қамтамасыз етуге бақылау күшейтілгенін айтты.

- Негізгі бағыттарды қамтитын 7 бағытта және 2 стационарлық бекетте тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырылды. Автожолдар жабылған жағдайда департамент әзірленген жоспарға сәйкес жабылу бойынша полиция бекеттерін қояды. Жол қозғалысына қатысушылар ҚР ІІО қызметкерлерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбаған жағдайда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 667-бабына сәйкес жаза көзделгенін атап өту қажет, - деді Архат Қасайынов.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу