KZ
Өскемен
-11°
плотный туман жел 1 м/с, СШ
498.55 524.28 4.75

Өскеменде «Алтайым - сені жырлаймын» атты жыр мүшәйра-фестивалі өтті

2.11.2024, 15:15 244 Назерке Каримова

Сенбіде Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Алтайым - сені жырлаймын» атты облыстық жыр мүшәйра-фестивалі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыста жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі мүшәйра-фестивальге келген көрермен, әдебиетсүйер қауым қазақ сөз өнерін, тіл құдіретін келер ұрпаққа жеткізіп жатқан ақындар толқынын қол шапалақтап, қошемет көрсете қарсы алды. Облыстық жыр мүшәйра-фестивалі  Шығыс Қазақстан облысының ақиық ақындары арасында өткізілді. 

Көрермен қауымға  жыр мейрамындай әсер қалдырған «Алтайым - сені жырлаймын» атты мүшәйра-фестивалі  шырайлы шығысты, асқақ Алтайды, өркендеп жатқан өлкемізді, айдынды көлімізді, жерімізді мадақтауға, жырға қосуға арналды.

- Биыл мүшәйраның ұйымдастырылғанына бесінші жыл. Биыл  «Алтайым - сені жырлаймын» деген тақырыппен өткізіп, өлеңнің өзегіне туған жерді, шығыста атқарылып жатқан игі істерді арқау етуді мақсат етіп қойып отырмыз. Оның ішінде,  түнеукүні Бозанбайда өткен «Салбұрын», Күршімде салынған ғасыр көпірі сынды айтулы оқиғаларды, мәдени-рухани істерді ақындардың рухты жырларымен паш ету, жұртқа жеткізу, - дейді Қазақстан Журналистер одағының ШҚО-дағы өкілі Әлібек Қаңтарбаев.


Жыр мейрамын өскемендік жас ақын Қызырбек Дүргінбайұлы «Саятшы ауыл» өлеңімен бастап берді. «Көктегі қуаныш», «Бүркіттөбе», «Қарғалдақ -жыр»...  Көрермен алдында Оразай Жеңісұлы, Есенбол Нақтыбайұлы, Құмар Зиятхан, Бекарыс Мейіртайұлы, Дана Исағұл, Естай Жаңабаев, Көгедай Шәмерханұлы, барлығы облыстың аудандары мен қалаларынан келген 15  ақын жауһар жырларын  оқып, поэзия кешіне келгендерді сезімге, нәзік лирикаға, сағынышқа толы жырларымен сусындатты, сүйсінтті.

«Алтайды құлдай көштім, өрлей көштім,

Ертісті тіке кештім, көлбей кештім,

«Қалқатай, сен – аржақта, мен бер жақта»,

Ал енді арамызды бөлмейді ешкім!» - деп төгілткен өлеңін Күршімінің көпіріне арнаған  өскемендік ақын Дәулетберді Жекейдің жыры  көңілдерді Ертістің, Алтайдың аспанына  алып ұшты.

Мәдениет басқармасының «Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы» КМҚК,  Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО өкілдігімен ұйымдастырылған мүшәйра-фестиваль қатысушыларының әрқайсысы алғыс хаттармен және 100 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марпатталды.

 

Жанаргүл Көкенайқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу