KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

Сенбілік жәрмеңкеде сауда қызды

Бүгін, 13:50 50 Назерке Каримова

Бүгін Өскемендегі  «Алтай» көтерме-тарату орталығының аумағында Күршім мен Марқакөл аудандарының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Altainews kz тілшісі.

Өскеменде жыл сайынғы дәстүрлі сенбілік жәрмеңкелер өтіп жатыр. Осы сенбіде облыс орталығының тұрғындарына Күршім мен Марқакөл аудандарындағы шаруа қожалықтарының иелері, кәсіпкерлері өз өнімдерін қожетімді бағада ұсынды.

Сенбілік жәрмеңкеге келген облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев азық-түлік бағасын қалыпты ұстауда, өңірді жергілікті өніммен қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің септігі көп екендігін айтты.

Күршім ауданының Құйған ауылынан келген жеке кәсіпкер Фарида Серікованың Өскемендегі жәрмеңкелерде балық өнімдерін саудалап жүргеніне 25 жыл болыпты. Кәсіпкер ауыл балықшыларынан сатып алған балығын өңдеп, ысталған балық, фарш жасап саудалап келеді. Күршімнен келген балық өнімдері жәрмеңкеге келушілердің көңілінен шығып, ел Ертістің балығын  көптеп сатып алып жатты.  Фариданың балық өнімдерінің тұрақты тұтынушылары Өскеменде ғана емес, Қарағанды мен Астана, Алматыда да бар.

- Бір күнде  тапсырыспен 100 мың теңгенің балық өнімдерін жөнелтетін кездерім де көп. Күршім көпірінің ашылғаны саудамызға игі ықпалын тигізе бастады. Бұрын паром үшін такси ақысына  қосымша ақы төлеп келгенмін,- дейді ауыл кәсіпкері.


Жәрмеңкеге асығып жеткен қала тұрғындары қаз-қатар тұрған сөрелерден сиыр, қой, жылқы етін де арзан бағамен сатып алды. Ауылдың жайлаудан түскен қоңды малының етін сатып алып жатқандардың қатары барған сайын көбейе түсті.

-        Осы жолғы жәрмеңкеге Күршім ауданының 7 ауылдық округі, Марқакөл ауданының 5 ауылдық округі келіп отыр. Аудандағы Бақытхан Жұрағатовтың қожалығы, «Айым» шаруа қожалығы сияқты ірі шаруашылықтар жәрмеңкеге үнемі қатысып, мал етін саудалап келеді. Қаратоғай ауылында мал сойып, етке өткізетін Баймұхамбетов Бақытжанның «Арын» ШҚ-ның ірі қасапханасы жұмыс істеп тұр.  Күзде екінші жыл қатарынан оңтүстік облыстарға осы қасапханада сойып, 7000 бас қой етін өткіздік. Қой етінің келісі  аудандағы мал иелерінен 1800-1900 теңгеден сатылып алынуда. Бұл ауылдағы мал иелері үшін имантаразы баға. Абай ауылдық округінде де 6000 басқа дейін қой сойып, өткізетін қасапхана жұмыс істеп тұр. Ол жерден де биыл күзде 7000 бас қой еті оңтүстік облыстарға сатылды. Болашақта ауданымызда етті  мал шаруашылығын дамыту бағытында бірнеше ірі жобалар іске асырылмақ, - дейді Күршім ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаков.


Марқакөл ауданының Боран ауылдық округінің әкімі Айдос Наурызбаевтың айтқанындай, марқакөлдік шаруа қожалықтарының иелері де Өскемендегі жәрмеңкеге мал етін молынан әкелген. Қалалықтар сиыр етінің келісін 2 300 теңгеден, «ауылдың дәмі» деп, майлы сүзбені 3000 теңгеден, сары майдың келісін 5000 теңгеден сатып алып жатты.

 

Жанаргүл Мұқатай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив