Өскемендегі мемлекеттік қызметкерлердің үстемақыларын төлеп берді
Өскеменде жұмыс уақытынан тыс мезгілде еңбек еткен мемлекеттік қызметкерлерге ешқандай үстемақы төленбеген, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің үш маманы өздерінің үстінен қарайтын мемлекеттік органның тапсырмасын орындау үшін жұмыстан кейін қалуға мәжбүр болған. Оның үстіне оларға Еңбек кодексіне сай, артық жұмыс істеген уақыттары үшін үстемақы төленбеген.
Елбасының өзі халыққа жолдаған биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметкерлер қас-қарайғанша еңбектенуіне жол бермеу және көптеген жиналыстарды қысқарту қажеттігін ескерткен болатын.
Тек облыстық мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің араласуынан кейін ғана бөлім басшысының бұйрығымен мемлекеттік қызметшілер ақшалай үстемақыларына қол жеткізді.