KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 5 м/с, З
480.63 535.13 5.27

Өскеменде жаңа миграциялық қызмет орталығы жұмысын бастады

19.10.2018, 11:47 121

Өскемен қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 152 мекенжайында орналасқан Өскемен қалалық ішкі істер басқармасында миграциялық қызмет көрсететін жаңа орталық ашылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Орталықтың ашылу рәсімінде сөз алған облыстық ІІД басшылығы мен өңірдегі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері көрсетілетін қызмет сапасын арттырумен қатар, сервистік қызмет көрсету барысында азаматтарға ерекше көңіл бөлінуі керектігін атады.


Жаңа орталықтың ең басты артықшылығы – тұрғындарға қолайлы болуы үшін Орталықтың операциялық залында қалалық көші-қон полициясы қызметкерлерімен қатар ХҚКО-ның, сақтандыру агенттіктерінің, нотариалдық кеңсенің, денсаулық сақтау мекемелерінің және «Қазпоштаның» өкілдері бірге отырып қызмет көрсетеді.


Бұл ең алдымен көші-қон саласында, яғни еңбек мигранттарының жұмысын заңдастыруда тиімді болмақ. Ендігі жерде аймаққа ат ізін салатын шетелдіктер бар шаруаны бір терезеден бітіре алады. Қажетті құжаттарды рәсімдеу де енді бірнеше сағаттың ішінде шешілмек. Жаңа орталықта оншақты мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Электронды кезек жүйесі де қарастырылған.


– Мемлекеттік қызметті алудың жаңа шарттары Қазақстанға келетін шетелдік азаматтарға және шетелге шығатын отандастарымызға қолайлы жағдайда барлық қажетті құжаттарын жылдам рәсімдеуге мүмкіндік беріп отыр. Уақыттары да айтарлықтай үнемделеді, себебі бұрын азаматтар қаланың әр ауданында орналасқан әр бір мекемеге барып құжат рәсімдейтін. Енді бәрі бір жерден бітеді, - дейді облыстық ІІД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Максим Пупков.


Полиция подполковнигінің айтуынша, жыл басынан бері көші-қон полициясына мемлекеттік қызмет алу үшін 50 мыңнан аса шетелдік азамат жүгінген.


Ақпарат ретінде айтар болсақ, бұған дейін өңірдің ІІД Өскемен мен Семей қалаларында жүргізуші куәлігін беру, көлік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет алатын азаматтарға арнап қызмет көрсету бөлімдерінің ғимараттарын заман талабына сай жаңғыртқан болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив