1 доллар - 375 теңге. Ұлттық валюта бағамы құлдырап барады
Айырбастау пунктерінде 1 доллар – 375 теңгеге жетті. Ұлттық валюта барған сайын құлдырап барады, деп хабарлайды Алатйньюс тілшісі.
kurs.kz ресурсының мәліметіне сүйенсек, айырбастау пунктерінде долларды 370-373 теңгеге сатып алып, 375,1-375,5 теңгеге сатып жатыр. Бұдан бұрын ҚР Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі, экономист Айдархан Құсайынов Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында теңге курсының өте әлсіз екенін атап өткен еді.
– Қазір теңгеге негізінен мезеттік факторлар әсер етіп жатыр. Ұлттық валюта өзінің базалық тепе-теңдігінен алыстап кетті. Алдағы екі апта ішінде теңге долларына 365-375 аралығында ауытқиды деп ойлаймын. Ал қазан, қараша айларында теңге нығая түсуі керек, – деген еді Құсайынов.
Ал экономика ғылымдарының докторы Магбат Спанов жақын күндері теңге курсы тұрақталады деген ойын айтқан.
– Теңгенің әлсіреуі көптеген геосаяси факторларға байланысты.Менің болжамым: теңге жыл аяғына дейін 350-360 аралығында болады. Ұлттық банк іске араласады, меніңше, – деген Спанов.