KZ
Өскемен
-12°
плотный туман Штиль
498.51 522.84 4.81

Тарбағатай тарландары өнерімен тамсандырды

8.11.2024, 20:30 261 Назерке Каримова

Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының киелі сахнасында “Туған жер - алтын бесігім” жобасы аясында өтіп жатқан Тарбағатай ауданының мерекелік кеші мәні терең қойылымдарымен көрермендерді сүйсінтті. Салтанатқа өңір басшысы Ермек Көшербаев қатысып, шығармашылық ұжымдардың өнеріне жоғары баға берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.


Зал көрерменге лық толы. Жиналған халық сахнадағыларға жылы лебіздерін білдіріп, қошеметтеп отырды. Өскемендіктерге сый-тарту әкелген тарбағатайлықтардың концерттік бағдарламасы ерекше болды. Онда халқымыздың төл мәдениетіне негізделген салт-дәстүр, жөн-жоралғыларымен қоса, тыныс-тіршілігін көрсететін ұлттық құндылықтар дәріптелді.  


- Өз басым аудандардың ешқайсысын бөліп-жармаймын. Десек те, Тарбағатай ауданының басқалардан ерекшелігі - өнерпаздарының кәсібилігінің өте жоғары деңгейде болуы, - деп атап өтті аймақ басшысы Ермек Көшербаев. 



Облыс орталығында әр апта сайын өтіп жатқан мәдени күндерге аймақ басшысының тікелей қатысуы оның халықпен етене жақын болуына, дамыта-қолдай түсетін тұстарын анықтауға айрықша қолайлы себеп сияқты. Өңір басшысының қазақи қолөнер бұйымдарына деген  қызығушылығы да көрініп тұрды.  Тарбағатайлық шеберлер қолынан шыққан ұлттық нақыштағы сапалы да эксклюзивті бұйымдарды облыс әкімі ерекше жоғары бағалады.


Шара барысында түркі халықтарының арғы ата-тегі саналатын сақтар тарихын ұлықтайтын бірегей көрме жұмыс істеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аудандық өнерпаздар мәдени шараға дайындықты күні бұрын бастап, сақадай-сай болып келген. 


Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Мамырбаевтың айтуынша, залдың лық толғанына қарап, елдің ықыласын көруге болады. Бұл концертті қоюға аудандағы кіл мықтылар жиналған, өнерпаздардың жалпы саны 105 адамды құрайды.  


Қоғам қайраткері, мәдениет пен өнер саласының еңбек сіңірген қайраткері, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Түсіпхан Түсіпбеков 9 жылдан соң бұқарамен қайта қауышқан “Туған жер - алтын бесігім” бағдарламасының рухани тұрғыда қоғамға берері көптігін алға тартты.


- Тарбағатай ежелден талантты ұл-қыздарымен танылған, өнер мен өлең қонған өңір. 9 жылдан соң бағдарлама облыс жұртшылығын жинап отыр. Осынау мәдени-рухани бағдарламаны қайта жаңғыртқан облыс әкімі Ермек Беделбайұлына мың алғыс! - деді аға буын өкілі.



Әдемі кештің куәгерлері  әртістерге ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу