Тарбағатайдың өнімдеріне ұзын-сонар кезек (Видео)
Өскеменде тарбағатайлықтар «Туған ел – алтын бесігім» акциясы аясында «Алтай» көтерме-тарату орталығының аумағында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жәрмеңкеге ауданның 7 ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер қатысты, олар ауылшаруашылық өнімдерін халыққа ұсынды. Қой еті – 2100, сиыр еті – 2000, жылқы еті – 2400 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, ұлттық өнімдер мен шырғанақ тосабын өскемендіктер кезекке тұрып, қуана сатып алды. Жәрмеңкеге арнайы облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев те қатысты.
Айта кету керек, Тарбағатайда өсетін шырғанақтың адам ағзасына пайдасы мол. Халық арасында шырғанақтың сулы тұнбасымен асқазан ауруларын емдесе, ревматизмді емдеу үшін оның жемісі мен жапырағын қайнатып пайдаланады.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ермек Құрманғалиевтің айтуынша, жәрмеңкеге 7 тонна ет, 2 тонна балық және 1,5 тонна дәстүрлі өнімдер жеткізілген. Шырғанақтан жасалған өнімдер лезде сатылып кеткен. Өнімдердің базар бағасынан әлдеқайда төмен сатылғаны үшін халық жәрмеңкеде ұзын-сонар кезекке тұрды.