Өскеменде жалған кәсіпкер тұрғындарды алдап соқты
Жалған кәсіпкердің алаяқтық әрекетінен оннан астам адам зардап шегіп отыр. Ал оның келтірген залал мөлшері 1 млн. теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Сот процессінде анықталғандай, қала тұрғыны ел арасында танымал сайтта тапсырыс бойынша жиһаз жасау туралы жарнама жариялайды. Бұл жарнама аса сұранысқа ие болған көрінеді, тапсырыс берушілердің саны күннен күнге арта түседі. Алайда алдын ала төлемді алғаннан кейін, жиһаз жасаушы із-түссіз жоғалып кетіпті.
2016 жылдың шілде айынан бастап 2017 жылдың қазан айына дейін Ф. есімді азамат алаяқтық жолмен 11 адамды құрығына түсіріп, жалпы сомасы 1 103 900 теңгені қолды еткен.
Сот үкімі бойынша, алаяқ кәсіпкерге бес жылға бас бостандығынан айыру және мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.