Өскемен және Семей қалаларының архиепископы «Құрмет» орденіне ие болды (видео)
Мемлекет басшысының Жарлығымен Өскемен және Семей архиепископы Амфилохий еліміздегі ең жоғарғы наградалардың бірі саналатын «Құрмет» Орденімен марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Архиепископқа мәртебелі марапатты облыс әкімі Ермек Көшербаев табыстады. Рәсім барысында аймақ басшысы қазіргідей алмағайып заманда этносаралық келісім мен бірегейлігімізді сақтау, тарихи сананы жаңғырту және тамырдан ажырамау ең өзекті мәселелердің бір екенін алға тартты. Ермек Беделбайұлының пікірінше, еліміздегі түрлі конфессия өкілдерінің бірлікті күшейтуде қосатын үлесі айрықша зор. Сондықтан, еліміздегі тұрақтылықты сақтауға себепші болып отырған дін саласы қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағалануы тиіс.
– Сіздің тікелей өз міндеттеріңізден бөлек, қоғамдық маңызды жұмыстардан да тыс қалмайтыныңызды, еліміздің азаматы ретінде Қазақстанның гүлденуіне шама-шарқыңызша үлес қосып жүргеніңізді білеміз. Тіптен, дін жолында жүрмеген адамның өзі сіздей азаматтың сөздеріне құлақ асып, еңбегіңізді жоққа шығара алмасы анық. Сондықтан бұл марапатқа әбден лайықсыз, – деді облыс әкімі.
Марапат иесі болса, мұндай құрметке ие болатынын ойламағанын айтты.
– Менің еңбегімді жоғары бағалаған еліміздің Президенті мен облыс әкіміне көп рахмет. Мен бұл марапатты жеке өзімнің ғана емес, жалпы Өскемен және Семей епархиясы еңбегінің жемісі деп білемін. Өздеріңіз білетіндей, біздің елде діни бірлестіктер мен мемлекеттік органдар арасындағы әріптестіктің бірегей моделі қалыптасқан. Түрлі, бір-біріне мүлде ұқсамайтын салада еңбек етсек те, бәріміздің мақсат-міндетіміз бір, ол – елдегі тұрақтылықты сақтау. Және бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. Тағы бір мәрте біздің еңбегімізді жоғары бағалаған Мемлекет басшысына зор алғыс білдіремін, – деді архиепископ Амфилохий.
Нұржан Кенжеұлы