KZ
Өскемен
-11°
плотный туман жел 1 м/с, СШ
498.55 524.28 4.75

Марқакөл мен Күршімнің өнерпаздары ән мен күйге бөледі

1.11.2024, 19:50 345 Төлеуғазы Жансая

Қос ауданның мәдениет және өнер саңлақтарының концерті ел мен елді қауыштырған ерекше кеш болды. Бүгін Өскеменде «Туған ел – алтын бесігім» жобасы аясында Марқакөл мен Күршім аудандарының өнерпаздары концерт қойды. Іс-шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, өңірде осындай мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға ерекше назар аударылып жатқанына тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскемендіктер мен қала қонақтары концерт басталардан бір сағат бұрын келіп, күршімдік және марқакөлдік қолөнер шеберлерінің бұйымдарының көрмесін тамашалап, алыстан ән-жырын алып келген өнерпаздармен жүздесіп, жерлестерімен қауышты. Көрмеде үлкен-кіші Күршімдегі «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығының» Ертістің суында шолпылдап жүрген майшабақтарын да көрді. Жуырда ғана үлкен жаңалық болған жаңа көпірден өтіп, жадыраңқы көңіл-күймен келген әншілер мен күйшілер Өскеменге күнгейдегі елдің ыстық сәлемін ала келіп, концертке жиналған қауымды «Күршімнің сулары», «Ертісім» әндерімен қарсы алды. Күршімдік сазгер Шәкерхан Тойбаев бастаған аудан әншілері домбырамен, баянмен қосылып ән шырқағанда, мәдениет ордасының кіреберісі кішігірім өнер алаңына айналды.

Күршім мен Марқакөл өнерпаздары сахна шымылдығын Күршім аудандық халықтық ұлт аспаптары ансамблінің орындауындағы «Сүйінбай сазы» күйімен ашты. Одан әрі концерт Ерболат Матабаев, Серік Бабаханов, Нұргүл Шешенқұл, Маржан Жомартқызы, Есен Мәженов, Динара Шахиева, Сымбат Байғұндинова, Азамат Мұхамеджанов, Гүлмира Көпжасарова, Мақпал Нұрпейісова, Бақытбек Масалиев, Гүлзипа Қайрамбекова, Сымбат Қалиақперов сынды әншілердің ән-жырына және аудан оқушыларының билеріне ұласты. Ертіс жағасын, айдынды Марқакөлді қоршай жатқан екі ауданның концерті «Өмір – өзен» атауымен өтіп, кеш барысында Шәмші Қалдаяқовтың «Өмір – өзен» әні орындалды. Сондай-ақ, Күршім мен Марқаның өнер майталмандары Уәйіс Сұлтанғазин, Оралхан Көшеров, Келденбай Өлмесеков сынды ел есінде қалған өнер тұлғаларының естелік суреттері көрсетіліп, көрермендер арда азаматтарын еске алды.

– Биші балаларымызбен қосқанда, біздің ауданнан 160 өнерпаз келіп отыр. Күршім ауданы өнерден кенде емес. Біздің ауданнан Қазақстанға еңбек сіңірген алты бірдей әртіс, бір халық әртісі, көптеген әншілер шыққан. Аудан орталығындағы Қабдолда Тұраров атындағы мәдениет үйінде күн сайын мәдени-рухани шаралар өтіп жатады. Күршім көпірі салынды, енді Күршім қонақтардан босамайды. Әні мен жыры әуелеп, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, дамудың даңғыл жолына түсеріне сенеміз, – дейді Күршім ауданының құрметті азаматы, өнер қайраткері Бақытхан Өлмесеков.


Жанаргүл Көкенайқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу