"Қызғылт қазан айы": Сүт безі обырының алдын алу шаралары қалай өтуде?
«Қызғылт қазан айы» – сүт безі обыры туралы халықтың ақпараттануын арттыруға арналған халықаралық айлық. ШҚО онкология және хирургия көпсалалы орталығының мамандары ай бойы бұл ауыр сырқат туралы түсіндіріп, түрлі шаралар өткізді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте орталық директоры Гүлмира Сагидуллина атқарылған шаралар туралы баяндады ,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәселен, Қызғылт қазан айы» айлығы аясында ШҚО онкология және хирургия орталығында сүт безі обырының алдын алуға арналған бірқатар іс-шаралар өтті. Алдымен, Ашық есік күні ұйымдастырылып, оған 90-нан астам әйел қатысты. Қатысушылардың әрқайсысы онколог-маммологтың тексеруінен өтіп, қажетті кеңестер алды. Қажет болған жағдайда сүт бездерінің ультрадыбыстық зерттеулері, пункция және трепан-биопсиясы жүргізілді. Ашық есік күні облыстың медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында да өтті. Нәтижесінде төрт әйелде қатерлі ісікке күдік, жеті адамда қатерлі ісік алды аурулары және 39 адамда басқа патологиялар анықталды.
Көпсалалы онкология және хирургия орталығының мамандары сауда үйлерінде сатушылар мен келушілерге сүт безі обырының қаупі, онкоскринингтен өтудің маңыздылығы туралы түсіндіріп, Ашық есік күніне шақырды. Бұл акциялар адамдарға өз денсаулығына назар аударудың маңыздылығын еске салу мүмкіндігін берді.
«Қызғылт қазан айы» аясында онкологиялық орталық дәрігерлері облыс мекемелеріндегі еңбек ұжымдарымен кездесті. Мұндай іс-шаралар «Үлбі» қалалық аумақтық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен мемлекеттік қызметкерлер арасында өтті. Жұмыс пен жеке істерден босамайтын әйелдерге дәрігерге уақытында бару қиын болуы мүмкін, сондықтан дәрігерлер оларға барды. ШҚО маммологтары бұл кездесулерде 140-тан астам әйелді тексеріп, көрсеткіштер бойынша сүт бездерінің ультрадыбыстық зерттеуін жүргізді. Әйелдер денсаулықтарына назар аудару мүмкіндігін ризашылықпен қабылдады.
Айна Ескенқызы