ШҚО-дағы 25 мектепте білім беру сапасы сын көтермейді (видео)
Бүгін Шығыс Қазақстанда білім және тәрбие беру саласының қызметкерлері бас қосты. Алқа отырысында еліміздегі 943 нысаналы мектепті дамыту жобасының облыста жүзеге асырылуы, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың, суицидтің, девиантты мінез-құлықтың алдын алу мәселелері бойынша басшылық, бақылау және өзара іс-қимыл жөніндегі қызметті ұйымдастыр мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстандағы 25 мектепте білім беру сапасы сын көтермей келеді. Бұл туралы облыстық білім басқармасының алқа отырысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ-ның облыстық филиалының кәсіби даму институты директоры Гаухар Жұманова мәлімдеді.
– Өскемен, Риддер қалалары мен Зайсан, Тарбағай, Күршім, Шемонаиха сынды бірқатар аудандағы білім сапасының көрсеткіші төмен. Алдағы уақытта бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстар атқарылмақ, – деді Гаухар Жұманова.
Алқа отырысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев білім беру мен ұрпақ тәрбиелеудің сапалы болуы маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.
– Өңір мектептеріндегі білім мен тәрбие беру саласына жауапты мамандардың басын қостық. Өздеріңіз білетіндей, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған, – деді Ербол Нұрғалиев.
Ажар Мұратқызы