KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

ШҚО колледждері жаңа көкжиектер ашпақ

Бүгін, 15:00 0 Төлеуғазы Жансая

Қытай Халық Республикасының Қарамай кәсіби-техникалық колледжімен Шығыс Қазақстанның Өскемен жоғары политехникалык колледжі, Үлкен Нарын колледжі, Зайсан технологиялық колледжі мен Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі басшылары ынтымақтастық меморандумына қол қойды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Бұл шынымен бір тарихи сәт болды. Ковид кезінде үзіліп қалған серіктестік қайтадан жанданып, бүгін білім саласындағы үлкен бір бірлесіп атқаратын меморандумға қол қойылды. Бұл құжат, әсіресе Қытаймен шекаралас аудандарда орналасқан колледждерге жаңа леп әкелетіні сөзсіз. Екі ел арасында сәтті жүзеге асқан жобалармен бөлісіп, тәжірибе алмасу да жаңа леппен жүреді деп отырмыз, – дейді Меморандум жасасуға мұрындық болған делегация жетекшісі Сымбат Рамазанов.

Сонымен қатар туризм саласында бірқатар жобаларды сәтті жүзеге асырып жатқан шығысқазақстандық «РСС групп» компаниясы Қытай-Шанхай ынтымақтастық ұйымы жанындағы алып деректер орталығының Шыңжаңдағы орталығымен туризм, білім, цифрлық технологиялар бойынша келісім шартқа қол қойды. Бұл туризм саласын цифрландырумен қатар, біздің облысқа туристерді тартуға жаңа қадам. Әсіресе «Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы» аясындағы қол жеткізген жетістіктердің бірі.

Марқакөлде маман даярлауда заманауи тәсілдер қолға алынбақ

Адам өмірін бейнебір конвейер деп қарайтын болсақ, сол конвейердің жұмыс істеуін қамтамасыз етуде аса қажетті маңызды тетіктер – техникалық базалық білімі бар мамандар. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан бойынша әр ауданда өзінің орта-мамандандырылған білім беру нысаны бар. Және олар мыңдаған еңбек адамдарын тәрбиелеп, білім беруде. Солардың ішінде көкжиектерін кеңейтіп, ҚХР Қарамайдағы білім ордасымен меморандум жасасқандарының мақсаты – білім беруде жаңа тыныс алу, заманауи технологияларды енгізу, білім сапасын жетілдіре түсу.

- Марқакөл ауданынан Қарамай қаласына IT технологияларды дамыту халықаралық семинарға қатысуға келдім. Осы семинар оқып-біліп, көргенімді дамыту, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Осы орайда цифрлық технологияның жасанды интеллект дамып жатқан заманда көршілес елмен маман дайындауда серіктестікті дамытып, осы өңірдегі колледжбен меморандум жасасу басты мақсатым болып тұр. Біздің аудан Қытаймен шекаралас аудандардың бірі болғандықтан, бізге көрші елдің озық технологияларын меңгеріп, оны білім беру саласына қолдансақ деймін. Мұндай деңгейдегі халықаралық іс шараға қатысу үлкен тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктер берері сөзсіз. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіремін, - дейді Марқакөл аулындағы мектеп-интернат-колледжінің директоры Айнұр Нурпеисова.

«Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ сұранысқа ие жұмысшы мамандар оқытылатын техникалық-кәсіптік білім берудің мемлекеттік көрнекі мекемесі болып табылады. Мекеме 1983 жылы № 26 Алексеевка орта кәсіптік-техникалық училищесі атымен құрылған. Содан бері ол 5 рет реформаға ұшырап, 5 рет атауы өзгертілді. Соңғы рет Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 18.04.2022 жылғы №92 қаулысының негізінде аталмыш оқу орны КММ «Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып бекітілді. Алайда, аты өзгергенімен заты өзгермеген өңірдің белгілі білім беру нысаны құрылғаннан бергі 41 жыл ішінде 10 000-нан астам жоғары сапалы жұмысшы біліктілігі бар техникалық мамандар даярлап шығарды. Бүгінгі ерекше мәртебеге лайықталып жатқан Еңбек адамдарының көбі осындай өңірлік колледждерде білім алған.

Қазіргі уақытта мекемеде 91 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 47 оқытушы, олардың үшеуі магистр, 56 педагог-зерттеуші, 9 педагог-сарапшы. Үш жылдық техникалық-кәсіптік оқытумен айналысатын колледж тұрмыс-тірлікте ауадай қажет бірнеше бағытта білім беріп келеді: ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, ветеринарлық санитар, жануарларды ветеринариялық өңдеу жөніндегі оператор, ветеринарлық техник, тамақтандыруды ұйымдастыру (аспаз), тігін өндірісі және киімді үлгілеу, техник-технолог, тігінші, электр жабдығы, электр монтері, дәнекерлеу ісі.

Делегация құрамында Қытай еліне барып-қайтқан колледж басшылығы білім беру саласындағы халықаралық алмасулар мен ынтымақтастықты тереңдету, институт ретінде ықпалдылықты арттыру басты мақсат деп отыр.

Бір ретте 381 орын ұсына алатын аталмыш колледждің жер алқаптары да, оқу шаруашылықтары да баршылық.

Үлкен Нарындағы колледж жұмысы заманға сай серпілмек

Көршілес алып елмен білім саласында қарым-қатынасқа ниетті тағы бір білім ордасы – «Үлкен Нарын колледжі» КММ, ол ауыл шаруашылығы үшін аграрлық-технологиялық, техникалық-технологиялық бағыттар бойынша мамандар даярлайды.

Колледж жұмысының негізгі бағыты кәсіби біліктілігі бар, еңбек нарығының заманауи талаптарына жауап беретін, үздіксіз өсуге, әлеуметтік және кәсіби ұтқырлыққа дайын, жоғары рухани-адамгершілік қасиеттерге ие мамандарды даярлау болып табылады. Бұл колледж де Марқакөлдегідей барлық маңызды мамандықтарды беруде, артықшылығы орманшы, орман шебері, ара өсіруші сияқты мамандықтардың болуы.

- Біздің коллежде қазір 212 студент білім алып жатыр. Аспазшы, электр мамандығы, газбен дәнекерлеу, ауылшаруашылық мамандары мен орман шаруашылығы мамандарын дайындаймыз. Біздің осы жолғы Қытайдың Қарамай қаласына іс сапар кезінде сандық технологиялар саласы бойынша кадрлер дайындау тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысып жатырмыз. Шараның мақсаты сандық трансформация саласында білім алмасу және кадрлерді дайындаудағы жаңа тәсілдерді қолдану. Осы семинар барысында оқып, көріп білгенімізді өз колледжімізге жаңашылдықтарды еңгізу және қолдану. Семинар барысында Қарамай колледжі мен Үлкен Нарын колледжі арасында бірлесіп жұмыс істеуге меморандумға қол қою жоспарлануда, - дейді Үлкен Нарын колледжінің директоры Айбек Байғонысов.

Бүгінде «Үлкен Нарын колледжі» КММ-де 65 адам, 24 инженер-педагог, 8 өндірістік оқыту шебері, 16 оқытушы жұмыс істейді. Олардың екеуі педагог-сарапшы, бір педагог-модератор, бір жоғары санатты арнайы пән оқытушысы, бірінші санатты үш оқытушы бар.

Колледжде 20 аудитория бар. Олардың ішінде арнайы пәндер кабинеттері - 10, жалпы білім беру кабинеттері - 10, зертханалар - 6, өндірістік шеберханалар - 4.

Бүгінгі таңда үш оқу корпусында студенттер тәрбилеп жатқан колледжде оқу залы бар кітапхана орналасқан 260 орындық жатақхана, 100 орындық асхана, жалпы ауданы 282 га оқу шаруашылығы бар. Ағымдағы жылы мұнда 213 адам білім алып жатыр. Білім беру мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылуда. Колледжде 8 мамандық, 14 біліктілік бойынша дайындық жүргізілуде.

Әр саладағы ынтымақтастық – туризмді дамытуға негіз

«Қытайдағы Қазақстан туризмі» жылы аясында биыл бір шама іс-шаралар жүзеге асты. Екі ел арасындағы туристердің де қарқыны жоғары көрсеткіш көрсетіп келеді. Сала мамандарының айтуынша қытайлық туристер Зайсан ауданында орналасқан «Майқапшағай» кеден бекеті арқылы Шығыс Қазақстанға өз көліктерімен де, ұйымдасқан топ ретінде де келіп жатыр. Әсіресе Катонқарай ауданындағы туристік нысандар оларды қатты қызықтырады. Оның ішінде Рахман қайнары, Қаракөл, Катонқарағай ұлттық паркінің тылсым табиғаты тартады.

- Қазір ШҰАА Қарамай қаласында өтіп жатқан цифрлық технологияларға арналған халықаралық семинарда туризм саласын цифрландыру мәселесі де талқылануда. Қазір ақпараттық технологиялар дамыған заманда туристер қызметті онлайн, не болмаса цифрлық платформалар арқылы алуды қалайды. Осы орайда көрші елден цифрлық технологияларын оқып, біліп, керегін өзімізге тиімді етіп қолдануға болады. Қазір шыныменде өңірге турист тартудың тиімді жолы - цифрлық технологияларды игеру, оны енгізу, - дейді «РСС групп» компаниясының директоры, «Атамекен» ҰКП ШҚО креативті индустрияны дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Рамазанов Сымбат.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив