KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

«Сауығып кетсем» деген үміт орындалар орын

31.10.2024, 19:00 103 Төлеуғазы Жансая

Пациенттерге, оның ішінде егде тартқан жандарға да тұрғылықты жері бойынша білікті медициналық көмекті ауруханаға жатқызбай-ақ, стационарды алмастыратын технология - күндізгі стационар жағдайында беруге болады. Бұл тәсілдің тиімділігін Өскемен қалалық №1 емханасының жұмысынан көре аламыз,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Күндізгі стационар емхана ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Науқастарға бөлімшенің кәсіби тәжірибесі мол дәрігер-терапевті Сажида Ахметова қызмет көрсетеді. Дәрігер бөлімшеге түскен пациенттерді қайта тексеруден өткізіп, содан кейін ғана нақтыланған ем-домды тағайындайды.

– Учаскелік дәрігерлер біздің егде жастағы пациенттерімізді күндізгі стационарға емделуге жібереді, бұл жерде олардың денсаулығын жақсарту үшін кешенді терапия қарастырылған. Бұл өте маңызды, өйткені олардың көпшілігінде үнемі бақылау мен күтімді қажет ететін созылмалы аурулар бар. Күндізгі стационар жағдайында пациенттерде система алу, бұлшықет пен көктамырға ине салдыру  мүмкіндігі бар, - деп атап өтті Сажида Саудовна.

Күндізгі стационардың медициналық қызметкерлері емдеу процесін мұқият қадағалап, науқастың жағдайының өзгеруіне сәйкес терапияны да реттеп отырады.

Облыс орталығының 77 жастағы тұрғыны Нағима Дәндібаева қазір қолдау терапиясын алып жүр. Қария күз мезгілінде, әсіресе, егде жастағы адамдар үшін денсаулығына қамқорлық жасау өте маңызды екенін айтады. Ал күндізгі стационар ұжымының қызметіне емделуші «олар күні-түні тыным таппайды» деген баға берді.

– Күндізгі стационарда істейтін қыздарға науқастарға жанашырлық танытатындары үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Олар бізге өте мейірімді және әрқашан "бәрі жақсы ма, ауырмай ма?" деп сұрайды. Сіздерге рахмет! Баршаңызға зор денсаулық пен қажырлы еңбегіңізде табыс тілеймін, – деген тілегін жеткізді Нағима апа.

Бөлімшенің негізгі міндеті – азаматтарға өз денсаулығын жоспарлы емдеу кезінде, аурулардың бастапқы сатысында  немесе созылмалы аурулары болған жағдайда сақтап қалуға көмектесу. Нәтижесінде дәстүрлі стационарлардағы жүктеме азаяды. Күндізгі стационарда күн сайын 10-ға жуық пациент емделіп шығады.

Күндізгі стационарда Фарида Сағатайқызы және Сания Қабдрашитқызы сияқты  білікті медбикелер жұмыс істейді. Олар үшін жұмыстағы басты ереже – « жақсы сөз – жарым ырыс». Сондықтан, ауруханада кәсіби мамандар тек ине салу, система қою сияқты тағайындауларды ғана  орындап қоймайды, олар аялы алақандарымен де, мейірімді көзқарастарымен, жылы сөздерімен де емдейді. Науқастардың мұнда келгендегі «сауығып кетсем» деген үміттері ақталып, үйлеріне жағдайлары түзеліп қайтады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив