ШҚО-да аюлар омарталарды талқандап, малға шабуылдады
Шығыста аюлар ойран салуда. Олар бірнеше омартаны талқандап, он шақты бас ірі қараға шабуыл жасапты деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ең қорқыныштысы, жыртқыш аңдар кейбір елді мекендердің маңайына жақын келе бастаған. Ауыл тұрғындары бұл ойранды тоқтатуға көмек сұрап отыр. Бірақ аюларды атуға берілетін коммерциялық лицензияны екінінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне облыста аю ататын аңшылар да аз екен.
Аюлардың шабуылынан Зырян, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласының маңындағы халық та зардап шегіп отыр.
Зыряндағы омарталарды талқандап, ауылдың маңына еш сескенбей жақындайтын болған. Орманшылардың айтуынша, мұнда соңғы екі жылда аюдың саны екі есе артып кеткен. Мәселен, Феклистовка ауылының тұрғындары аюдың іздері күннен күнге елді мекенге жақындай түскенін айтып, дабыл қағуда. Қазір оларды, тіпті, Өскеменнен 30 шақырым жерде де кездестіруге болады екен.
Ал Ұлан ауданының таулы мекенінде аюлар бір шаруа қожалығына ірі залал келтірген. Тапа-тал түсте аң алты бірдей сиырды жарып кетіпті. Шаруа қожалығының иесі бұлай жалғаса берсе, аюлардың қожалықты шығынға батыратынын айтады. Қазір ол сиырларын қашадан ары шығармайды екен, ал асыл тұқымды қымбат жылқыларын мүлде қамауда ұстап отыр. Шаруа қожалығындағы адамдардың өзі аулаға шығуға үрейленетін күйге жетті.