KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 0,5 м/с, З
480.61 534.53 5.28

Күршім ауданында қарғын суға қарсы қарекет жасалып жатыр

15.03.2018, 05:12 439

Ауданымызда биыл қар аз жауғанымен, күрт жылынған күн райы еліміздің басқа өңірлерімен қатар, күршімдіктерді де қарғын суға қарсы біршама қауырт іс-қимылға жұмылдырғаны анық. Осы орайда, Күршім ауданының төтенше жағдайлар бойынша бас маманы, азаматтық қорғаныс майоры Бауыржан Оразғалиевке хабарласып, аудан елді мекендеріндегі тасқын судың алдын алу мен салдарын жоюға байланысты қандай шаралар атқарылғандығын сұрастырып білдік.


- Топтерек ауылына кіреберістегі, 4 шақырымдағы бетон көпірді тасқын су шайып кетті. 87 үйі 296 тұрғыны бар ауылға жол жабылып, арнайы пост қойылды. Мұнда атқарушы органнан бес адам, жергілікті полиция қызметінен екі адам, бір техника, бір тиегіш жұмылдырылып, қолданысқа берілді. Су шайған өткелден адамдарды өткізу жұмыстарына төтенше жағдайлар бөлімінен қызметкер жолданып, Шығыс аумақтық аэромобильді жедел құтқару отряды 9-бөлімшесінен 5 адам УАЗ-3909 көлігімен табиғи апат орнына келіп, өздерімен үрлемелі рәзіңке қайық пен құтқару құрал-жабдықтарын қоса әкелді. 12-наурыз күні түстен кейін Күршім жаққа қарай үш бала мен екі науқас адам өткізілді. Сағат 17.00 мөлшерінде «Күршім» КММ-нен бір бульдозер техникасы келді,-деп іс-шараның ұйымшылдықпен өткендігін атап өтті.

Сондай-ақ, еріген қар суы тоңы қалың жерге сіңбей, аудан орталығындағы бірқатар тұрғындарды әбігерге салған екен. Атап айтсақ, Күршім ауылы Бейбітшілік көшесіндегі қос пәтерлі үйдің аумағына су жиналған. Үйге ешқандай қауіп жоқ, жағдайды ауылдық округі әкімдігі бақылауда.


Бас маманның келтірген дерегіне жүгінсек, Абай ауылдық округіне қарасты Күршім-Маралды тас жолының 39-шы шақырымындағы көпір тұсында 25 метр жолды да су шайған. Шұғыл әрекет еткен мамандардың іс-қимылы нәтижесінде мұнда «ОблШығысЖол» КМК №5 өндірістік жол учаскесі жұмысшылары, грейдер, тиегіш, екі ХОВА самосвалы, УАЗ фермер көліктері жұмылдырылды. Ағыны қатты тасқын судың салдарынан 429 тұрғыны бар Бурабай ауылына, 326 тұрғыны бар Қойтас ауылына, 160 тұрғыны бар Қыстаукүршім ауылына, 642 тұрғыны бар Маралды ауылына, 383 тұрғыны бар Үшбұлақ ауылы бағытына жол уақытша жабылып, айналма жол жасалып, қатынас қалыпқа келтірілген.



Ресми мәліметте Бурабай ауылындағы 37 аула аумағын таудан еріп аққан қар суы басып, тұрғын үйлерге төнген қауіптің алды алынған. Бұл жерге екі МТЗ-82 тракторы тартылып, жергілікті 20 тұрғын апат салдарымен күресуде. Әзірше су қайтқан жоқ.


Мұндай апаттық жағдай Маралды ауылын да айналып өтпеген. Маманның айтуынша, бұл ауылда қарғын су 10 ауланы басқанымен, тұрғын үйлерді алуына жол берілмеген. Табиғаттың бұл келеңсіздігімен күреске автотиегіш, екі МТЗ-82-2, УАЗ фермер көлігі салынып, 50 жергілікті тұрғын қолдарына күрек-қайла алған. Ал Үшбұлақта бес тұрғын үйдің ауласына су жайылған. Аталған елді мекенде тасқын судың салдарын жоюға ДТ-75 тракторы, жергілікті 20 адам жұмыс істеуде. Бүгінде су қарқыны қайтпағанымен, тұрғын үйлерге қауіп төндіріп тұрған жоқ.


Бұқтырма су қоймасына тиіп тұрған Қайыңды ауылындағы 10 үйдің маңайына су жайылған. Тұрғындардың күнделікті тірлігіне кедергі келтірген бұл апат салдарын жоюға автотиегіш, ДТ-75 техникасымен қатар, 20 ауыл тұрғыны иық тіресе жұмысқа кіріскен.


12-наурыздағы мәлімет бойынша Марқакөл ауылдық округіндегі «Қазводхоз» РМК қарауындағы Орта Теректі бөгеті 800 мың текше метр суды ұстап тұр. Ал бөгеттің сыйымдылығы - 1,05 млн. текше метр.


Б.Оразғалиев ақпаратын қорытындыласақ, адамдардың өміріне төніп тұрған қауіп жоқ екен. Жағдай ауылдық округ әкімдерінің тұрақты бақылауында. Соңғы анықтау жұмыстарының қорытындысы бойынша 63 үй-жайдың маңайына су жайылған. Аудандық әкімдікте тәулік бойы арнайы штаб қызмет атқарып, аудан аумағындағы тасқын су жағдайы бойынша ақпарат жинастырып, мониторинг жасауда.


Жергілікті атқарушы органдардың ендігі мақсаты - өткен аптадағы еріген қар суы мен жаңбырдың салдарынан сай-саланы қуалай ырықсыз жайылған қарғын су келтірген залал мен шайылған жолдарды қалпына келтіру. Әрі су алу қаупі бар жерлердегі көпірлердің астын тазалау мен арналардың ашық болуын қадағалау жер құрғағанша күн тәртібінен түспек емес.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив