KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность жел 3 м/с, ОБ
492.22 529.38 5.03

Күршім ауданында өрт сөндіру бөлімі қатаң тәртіпте жұмыс істеуде

4.04.2018, 07:52 192

Көктем айлары туғаннан бері аудан аумағында қарғын суға орай төтенше жағдай туындап, аудандық әкімдікте жедел штаб құрылды. Жыл басынан бері табиғи және техногендік сипаттағы 32 жағдай тіркелген. Осы орайда, күн тәртібіне адам өмірі қауіпсіздігі алдыңғы қатарға шығарылып, азаматтық қорғаныс капитаны Дәурен Рахымғазы басқаратын №40 өрт сөндіру бөлімі қатаң режимдегі жұмыс тәртібіне көшірілген.



- Аудан аумағында өткен үш ай ішінде 13 өрт, 3 жалындау тіркеліп, 3 апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Көктем маусымындағы төтенше жағдайларды жою және алдын алу мақсатында қарғын су алу қаупі бар аумақта орналасқан үйлердің тұрғындарына ескертпе қағаздар таратылып, төтенше жағдай кезінде өзін-өзі ұстау, қауіпсіздік іс-қимылдары туралы түсіндірілді. Шұғыл түрде тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін су қоймаларын, дамбылар мен каналдардың жағдайы тексерілді,-дейді бөлім басшысы Дәурен Рахымғазы. Сонымен қатар, ауданның азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметінің құтқару, шұғыл әрекет жұмыстарына, апаттық жағдайлардың салдарын жою, тұрғындар мен дүние-мүлікті эвакуациялауға жұмылдыру ісі пысықталды. Су басу қаупі жоғары аумақтардан тұрғындар мен малды көшіру жоспары нақтыланды.


Сондай-ақ, бөлім басшысының айтуынша, қауіпті су аумақтарында құрамына әкімдіктер, төтенше жағдайлар мен АІІБ қызметкерлері кірген мобильді екі топ құрылған. Су шаруашылығы қондырғыларында кезекшіліктер ұйымдастырылды. Құтқару және басқа да шұғыл әрекеттер аумағында күзет пен заңдылықтардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қоғамдық тәртіп күзетінің күші мен құралдары сақадай-сай.


- Ауылдық округ әкімдеріне тасқын суға қарсы шараларды ұйымдастыру, тұрғындарды қауіпсіздік шаралары жөнінде құлақтандыру, суда жүзу жабдықтарының қамтылуы мен қолданысқа жарамды болуын қамтамасыз ету туралы қатынас-хаттар жолданды. Су алу қаупі басым аумаққа кіретін елді мекендер: Күршім, Бірлік, Барақ батыр, Қаратоғай, Ақши, Маралды, Бурабай, Теректі, Қалжыр ауылдарында құтқару командалары мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен оқу-жаттығулар өткізілді. Су жайылған жағдайда тұрғындарды орналастыруға 7 пункт ұйымдастырылып, 47 автокөліктің техникалық жағдайы тексерілді. Төтенше жағдай туындай қалса, азық-түлікпен, техникамен қамту бойынша шаруашылық субъектілері және көтерме базалармен келісім-шарттар жасалды,-дейді  Дәурен Рахымғазы.


Аталған бөлім су тасқыны қаупі сейілгенше қызметтерін қатаң режимдегі тәртіпте жалғастырмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив