KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 3 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

АВТОБУС ИЕЛЕРІНЕ 4,5 МЛРД. ТЕҢГЕ ТӨЛЕУДІ МІНДЕТТЕДІ

9.01.2018, 06:02 145

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті Өскемендегі алты ірі тасымалдаушы компаниялардан бюджетке 4,5 млрд. теңге төлеуді талап етіп отыр.


Салықшылар мен автопарк иелері арасындағы ушығып тұрған текетірес тез арада шешілмесе, Өскемендегі қоғамдық көліктердің дені тоқтап қалуы мүмкін.


Тасымалдаушы компаниялардан талап етіліп отырған  4,5 млрд. теңге автопарк иелерінің соңғы бес жылдың жүзінде толық  төлемеген салықтарының жиынтығы делініп отыр. Облыстық департамент мамандарының түсіндіруінше, тасымалдаушы кәсіпорындар бес жыл бойы қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығын  төлемей келген. Тасымалдаушы кәсіпорындар автобус жүргізушілерімен жеке келісімшарт жасау арқылы салықты кәсіпкерлікті жүргізудің жеңілдетілген тәртібі бойынша төлеп отырған. Осындай жеңілдетілген жүйемен жұмыс істеп келген автобус парктерінің бұл әрекеті заңсыз деп танылып, олардан мемлекетке қалған 4,5 млрд. теңгені төлеу міндеттелген.


Қоғамдық көлік иелерінің басындағы дау-дамайға орай түсінік берген облыс кәсіпкерлері палатасының директоры Игорь Шацкий тасымалдаушылардың құқығын қорғауға облыстық кәсіпкерлер палатасы, шағын және орта бизнес жұмысшыларының кәсіподақ ұйымы, Өскемен қалалық әкімдігі кірісіп отырғанын айтты.


- Бір біздің қаланың ғана емес, еліміздегі қоғамдық көлік иелерінің бәрі де осы жеңілдетілген тәртіп бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл салықтан жалтару деген сөз емес, салықты жеңілдетілген тәртіппен төлеудің жолы, салықты төмендету мүмкіндіктерін туғызуға  орай арнайы бекітілген норма, -дейді Игорь Шацкий. - Біздің қаладағы автобус, трамвай тасымалдары тарифіне ҚҚС пен корпоративтік табыс салығы енгізілмеген. Бизнесті жүргізудің бұл тәсілі қоғамдық көлік тасымалы бағасының көтерілуіне жол бермей келді. Егер автопарктер бұл салықтардың бәрін төлеп отырғанда, билет құны 20 теңгеге дейін қымбаттап кеткен болар еді.

Салық мамандары болса, тасымалдаушылар шығынын субсидия есебінен жауып отыру туралы ұсыныс білдірген. Яғни, тасымалдаушылар салықты  жеңілдікпен емес, толық көлемде төлеп, олардың шығыны мемлекет тарапынан бөлінген субсидиямен қайтарылуы керек. Бірақ бұл экономикалық жағынан қолайсыз, қала әкімдігінің қазынасына қып-қызыл шығын шектіртетін тиімсіз тәсіл екендігін айтты  палата директоры.


Өскемендегі 16 автотасымалдаушының алтауына санкция салынып отыр. Егер салықшылардың талабы бойынша бұл алты ірі компанияның есепшоттары бұғатталса, онда автобустар түгелдей тоқтайды. Бұл жағдай Семейдегі, облыстың басқа шағын қалаларындағы (палата директорының айтуынша, өзге қалалардағы тасымалдаушыларға салықтық тексерулер әлі жүргізілмеген) тасымалдаушылардың басында да қалыптасуы мүмкін.


Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрайымы Галина Казанцеваның айтуынша, салынған айыппұлды қойып, салықтың өзін төлеу  тасымалдаушы компанияларға өте ауыр болып тұр.


- Жалпыға белгіленген тәртіп бойынша жұмыс істеу үшін салық салу мәселесін шешу керек. Дәлірек айтсақ, қалалық қоғамдық көліктерді қосымша құн салығынан босату қажет. Өйтпеген жағдайда мекемелер банкрот болып қалады. Бізбен бірге бір экономикалық одақтағы Ресей, Беларусь елдерінде қалада жолаушы тасымалдайтын компаниялар бұл салықтарды төлемейді. Бұл өте үлкен сома. Егер қосымша құн салығы мен корпоративті табыс салығын есептесек, жолақысы 120-170 теңге көлемінде болуы тиіс. Әрине, ол халыққа қолайсыз. Бізде жолаушы тасымалдайтын компанияларға қайырымдылықпен айналысатын ұйым деп қарайтындай. Жанар-жағармай, автокөліктердің қосалқы бөлшектері де қымбаттады. Қазір жолаушы тасымалдаушылар әкімшіліктің талабын орындап, несие алып, автопарктерін жаңалап, жаңа автобустар алып жатыр. «Voska» ЖШС соңғы бес жылда 58 жаңа автобус сатып алды, - дейді ол.

Қазір Өскеменде жолаушыларды тасымалдап жүрген «Рост» ЖШС, «Вебас» ЖШС, «Voska» ЖШС сынды ірі компаниялар  өз тараптарынан салықшылардың талаптарына шағымданып жатыр. Олар облыс әкімдігінен, облыстық прокуратурадан көмек сұраған. Аталған сала мамандары мәселенің мәнісін қарастырып, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің шешіміне өз наразылықтарын білдірген. Бұл дау-дамайды шешуге енді еліміздің Бас прокуратурасы да араласқан көрінеді.


 


 


 


 


 


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив