KZ
Өскемен
-1°
туман жел 5 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Тәуелсіздіктің рухани тірегі-Ұстаз жүрегі

15.12.2017, 10:15 221

Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ, әрине. Бұл сонау өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыздың арманы, тамыры тереңдерде жатқан тарихи оқиғалардың нәтижесі. Сондықтан қазіргі жас ұрпаққа осы тәуелсіздіктің елімізге қалай келгендігін білім нәрімен бірге сіңіре, түсіндіріп жүрген ұстаздардың бірі Семейдегі жалпы білім беретін №3 мектеп-кешен директорының оқу ісі бойынша орынбасары Алмагүл Амантайқызы Құрмашева.


Биыл ел Тәуелсіздігіне 26 жыл толып отыр. Егемендік халқымыздың қоғамдағы өміріне жаңа леп, тыныс-тіршілік ала келді. Осыдан 26 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге жаңа тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалауға кіріскен жаңа буын ұстаздардың қатарында Алмагүл Құрмашева да бар еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деп жатады қазақ. Алмагүл Құрмашеваның өмір жолына тоқтала кетсек, Алматы қаласында ұстаздар отбасында дүниеге келген екен. 1981 жылы Семейдің Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, 1985 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Содан бері қарай мектеп табалдырығын енді ғана аттаған қаншама бастауыш сынып оқушыларының әліппені оқуларына, білімді азамат болып өсіп жетілулеріне ықпал етті. Алмагүл апай 6 жастан бастап 10-11 жасқа дейінгі балаларды оқытып, тәрбиелеуде өз өмірінің 30 жылын жұмсады.


Ширек ғасырдан астам уақытта жеткен жетістіктері де аз емес. Соның бір айқын дәлелі, жақында Ресей астанасы Мәскеуден келген арнайы марапат қағазға ие болды, онда Алмагүл Амантайқызын «Күзгі Олимп» халықаралық математика конкурсының Қазақстанда да өтуіне атсалысқандығын жоғары бағалаған екен. Семейлік ұстаздың жоғары біліктілігі шетелде жоғары бағаланып жатқанына риза болған ҚР Білім және ғылым министрлігі өз тарапынан «Инновациялық озық республикалық жобаны белсенді дамытқаны үшін» 1 дәрежелі «Мадақтамамен» марапаттапты. Және «Алматы кітап баспасы» президентінің «Алғыс хатына» ие болған.


-Алмагүл Амантайқызы, мерекеңізбен құттықтаймыз! Осынау айтулы күнде өзіңіздің ізіңізді басқан жас мұғалімдерге қандай бағыт-бағдар беріп, жол көрсететер едіңіз?-деп сұрадық қадірменді ұстаздан.


-Халқымызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін,-деді өзінің жүрекжарды лебізін білдіре кетуді жөн көрген Алмагүл Амантайқызы,-Абай атамыз айтқандай «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп, алғаш еңбек жолымды өзім білім алған «Комсомол» орта мектебінде бастадым. «Бала тәрбиесі баршаның ісі» деп жатамыз, жалпы ауылдың баласы, қаланың баласы деп бөлудің қажеті жоқ. Балалардың барлығы да бірдей қабілетті. Оларға қалай жағдай жасап, қандай білім берсең, яғни өсіп келе жатқан жас желекке қалай су құйып, баптап, суғарсаң олар солай жайқалып өседі. Ұстаз ретінде мен ең алдымен «Кел, балалар оқылық!» деп бастайтын қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринді бағалаймын, орыс педагогтері Антон Макаренконың, Константин Ушинскийлердің бағытын ұстанамын, бала тәрбиесіне аса зор жауапкершілікпен қараймын. Қазірде әрине, ұстаздардың біліктілігін арттыруға жағдай жасалған, интерактивті тақталар, жаңаша бағыттағы Кембирдж оқулары бар. Мектебіміздегі барлық санатты ұстаздардың да тәрбие мен білімге жетік болуын мектеп басшысы, директор Нұржан Ахметқалиев те басты назарда ұстап отырады.

Алмагүл апай да бала тәрбиесі мен білімі үшін үнемі ізденісте жүреді, 1986 жылы Семейдің педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1991 жылы қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққан ол, қазіргі уақытта I деңгейлі толық сертификатталған және жоғарғы санатты бастауыш сынып мұғалімі, және осымен алтыншы жыл қатарынан №3 мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып келеді. Отбасында жолдасымен бірге үш баланы өсіріп, жеткізуде. Алмагүл Құрмашева жақында тағы да үлкен жетістікке жетті. Екінші республикалық педагогикалық оқуларының қалалық, облыстық кезеңіне қатысып, ІІІ орынды иеленді.



Иә, «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, кішкентай балаларды ат ұстар кезінен тәрбиелейтін семейлік ұстаздың еңбек жолын оқырмандарымыз тамсана оқып, таңғалып отырған болар. Десек те, осының бәрі Алмагүл Амантайқызына оңай келген жоқ. Қыруар еңбек, төгілген қара тер, күні-түні мектептің шаруасымен шапқылау, демалыссыз күндер, ұйқысыз түндермен келген еңбектің жемісі. Несін жасырамыз, бүгінде мектептің жүгі ауыр, ол тек баламен ғана емес, ата-анамен де жұмыс істеп, қоғамда болып жатқан сайлау сияқты науқандық шаралардың барлығы да ұстаздардың мойнына артылған. Осыларға да жүгіріп жүріп үлгеретін Алмагүл Құрмашева өз қарамағындағы бастауыш сынып мұғалімдерімен де жұмыс жасап, оларға тәжірибелі ұстаз ретінде бағыт-бағдар сілтеп, отырады. Көзге бірден көрініп тұр, ата-аналардың да ілтипаты ерекше. Жақында ғана осы №3 жалпы орта білім беретін мектеп-кешенінің директоры Нұржан Ахметқалиев «Жылдың үздік директоры» марапатына ие болды.


Алмагүл апай еңбек ететін ұжым өте ұйымшыл. Олар үнемі бір бір жеңнен қол шығарып, бірлесіп еңбек етуге дайын тұрады. Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де еңбегі доғары бағаланып жатқан Алмагүл Амантайқызының балғын шәкірттерінің жетістіктері де өте көп. №3 мектептегі 4-5 жасар балдырғандарды оқытатын мектеп алды орталықтардың жұмысы да Алмагүл Құрмашеваның басты назарында. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», деп Абай атамыз айтқандай, жаңа өмірге бет алған бүлдіршіндердің бірін ғалым, бірін хакім ғып шығаратан қадірменді жан Алмагүл Амантайқызы Құрмашеваның алдағы уақыттардағы еңбегіне жеміс және толайым табыс тілейміз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив